Әйгілі ақын, ұлт қайраткері Мұхтар Шахановтың келіні Жаңагүл Мұратқызы әлемжеліде тараған видеоға қатысты ашық үндеу жариялады деп жазады Democrat.kz. Ertenmedia.kz.-ке сілтеме жасап.
«Мен, Жаңагүл Мұратқызы, Мұхтар Шахановтың келіні ретінде, қоғамға ашық мәлімдеме жасаймын! Атаның қазіргі денсаулық жағдайы өте күрделі, айтқан сөзін бірнеше минуттан соң ұмытып қалатын ауыр халде.
Жақында ғана екінші ұлын жерлеген адамның көңіл-күйі, жан дүниесінің жағдайы қандай екенін бірі түсінсе, бірі түсіне бермейді.
Қазір Атамыз қоғамда болып жатқан оқиғалардан мүлдем хабарсыз екенін түсініңіздер! Сондықтан, өтінемін, тыныштық беріңіздер!» – деді Жаңагүл Өмірбекова.
Ол әлемжелідегі бір видео үшін ұлтқа адал қызмет еткен тұлғаның ар-намысына тиіп, қарғап-сілеудің еш негізсіз әрі әділетсіз әрекет екенін қадап айтты.
«Мұхтар Шаханов қазақ халқының тағдыры жолында күрескен, ана тілінің абыройы үшін өмірін сарп еткен тұлға. Ол ұлтының алдындағы адал парызын ақтаған, тарихта мәңгі сақталатын ардақты азамат!» — деп қорытты келіні.