Белгілі журналист, танымал қоғам белсендісі Дина Елгезек Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге үндеу жасап, басқа елде тыйым салынған мультфильмнің Қазақстанда көрсетіліп жатқанына ренішін жеткізді деп жазады Democrat.kz.
Дина Елгезек өз үндеуінде Қазақстанда еркін көрсетіліп жатқан "Маша и медведь" мультфильмінің балаларымызға пайда бермейтінін алға тартып:
"Ерлан Қарин және Аида Балаева!
Ресейлік “Маша и медведь” мультфильмі қазақ тіліне аударылып, теледидардан қазақ балалары мәз болып тамашалап жатыр.
Ал өркениетті мемлекеттердің көбінде ресейлік “Маша и Медведь” мультфильмін балаларға көрсетуге тиым салынған.
Финляндия және Балтық елдерінің педагог мамандары түштәқай қыз Машаның аюдай атасын билеп-төстеуін баланың агрессивті мінез-құлқының қалыптасуына ықпал етеді деген қорытындыға келген.
АҚШ-та “бағынбаушылықты насихаттайтын мультфильм” деп ата-аналар дау шығарды. “Баланың психикасына әсер етеді” деп Иран мультфильмды балғындарға көрсетуден бас тартты.
Британдық “The Times” газетінде “Маша и медведь - тайное оружие Кремля” деген мақала шығып, Энтони Глиз деген Букингем университетінің профессоры мултфильмде ресейлік пропаганда мен “жұмсақ күштің” элементтері бар деп мәлімдегені естеріңізде шығар.
Осындай дүдәмәл репутациясы бар мультфильмды қазақ тіліне аударып, қазақ балалар контентіне ұсынуға нендей қажеттілік болды?
Сонсоң, былтыр “Менің атым Қожа” фильмі қайта экранизациялаған кезде көк галстук тағынған қазақтың тәуелсіз елінің Қожасы қайта шығарылған шығар деп үміттенген едім.
Фильмді жуырда көріп шықтым. Сөйтсем, сол баяғы қызыл галстук тағынған советтік пионер Қожаның образы қайта сомдалыпты.
Сол оқиға, сол образ, драматургиясы да сол қалпы. Пәлендей өзгеріс жоқ.
Қайта маған жаңа Қожадан гөрі сол баяғы Қожа сүйкімдірек көрінді.
Ешқандай өзгерісі жоқ фильмды қайта түсіртуге не түрткі болды?"деп сұрау салды.