Белгілі әнші Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков қазақ қоғамындағы ең үлкен проблема тіл мәселесін сөз етті. Аман Тасығанмен сұхбатында немерелерінің қазақша сөйлемейтінін айтқан ол бұл проблеманың шешу жолын да ұсынды деп жазады Democrat.kz.
"Мен үйге барсам, немерелерім әжептәуір қазақша сөйлеп қалады. Білмесе де, бір нәрсені айтып, әйтеуір қазақша сөйлеуге тырысады.
Мен кеткен соң, сол баяғыша орысша сөйлей бастайды. Аулаға шықса, қазақша сөйлейтін бала жоқ. Орысша білмесе, достарымен ойнай алмайды. Атасынан үйренгенін айтса, ол балалар түсінбейді. Неге?
Себебі баланың әкесі мен шешесі орысша сөйлейді. Келіндерім орысша сөйлейді. "Тәйт" десем, сол кезде қазақша сөйлеген болады. Бірақ бәрібір орысша сөйлейді. Себебі, араласатын адамдары орысша сөйлейді.
Мұны түзету үшін үкімет бұл мәселені қатаң түрде қолға алуы керек. Заңмен, тәртіппен қазақша сөйлеуді бекітсе, барлығы қазақша сөйлеп кетер еді", деген Нұртас Айдарбеков біраз уақыт бұрын көлігінің терезесіндегі қара әйнекті заң жүзінде қалай сыпыртып алдырғанын мысалға келтірді.