Танымал діндар Мұхамеджан Тазабек біраз уақыттан бері өзін сынап жатқандарға астарлы жазба жариялады деп хабарлайды Democrat. kz.
"Тәңір баққан тоқтыны қасқыр жемес…!
Адам мемлекетке, мемлекет адамға ұқсайды. Тағдырлары, ұстанымдары, әрекеттері аумайды. Мысал көп, ғибрат алған адам аз…
Көрші елді әп сәтте басып алам деп ойлайсың. Артынан алыптар пайда болады. Азуың кетіліп, аузың ашылып түк қыла алмайсың…
Отбасында жұбайын жаншимын деп, қаншама пенде сондай тағдырға ұшырады.
Иран сияқты санкцияның астында жүрген тұлғалар болады. Жабылып жанши салам деп ойлайсың.
Дұғасы қабыл бола ма, тамыры терең бе, таптай алмай тауың шағылады. Дабырлап бастап, сыбырлап сырғи шегінесің.
“Нем бар еді” деп мойындауға рухың жетпейді, қайта шабуға хәлің жоқ, ұзап кеткен көштің соңынан шарасыз мөлиіп шығарып саласың…
Дүниеде нұрлы ақыл беретін бауырың, кеңес беретін кемеңгер жанашырың болмаса, алыс пен жақынды, дос пен дұшпанды ажырата алмай, маңайыңдағы майда пенделердің мақтауы мен даттауының арасында қор боп өтесің. Дәл солай қолтыққа өтірік су бүріккен жандайшаптардың жалауы боп кетіп жатқан жан қаншама?!
Кісі ортасының жемісі. Кімге жүрегіңді ашсаң соның ықпалына ыңғай танытасың….
Құдықтағы құрбақадай азғантай топтың дабырлағанына ісіп-кеуіп, қаншама анализі таяз таланттылар мен тектілер, білімділер мен біліктілер болмайтын істің боданы боп, өнбейтің даудың ізінде жүр. Өкінішті…!
Кейде сағым су боп көрінеді, түнде жанған отты жақын деп ойлайсың. Барсаң су жоқ, ал, отқа жетем дегенше таң атады…
“Кісі білмегенінің дұшпаны!”
Жақын танымаған жанды жау деп ойлайсың, бетіңе күліп, қойныңа кіріп тұрса, қасыңда жүрген дұшпанды дос деп ойлайсың…
Бұл адамның табиғаты!
Айналамызда ақылды, талантты, текті адам көп. Бірақ, тәкаппар болса ақылдың көзі бітеледі, мақтаншақ болса талант тартысуға кетеді, іштар болса тектіліктен түк те пайда жоқ…Медиа кеңістіктегі көптеген байбаламдар сол секілді. Тисе терекке, тимесе бұтаққа…
Әйтеуір “айды аспанға шығарған” Қожанасыр тірлік…
Бір пост жазып, он адам бөлісіп, жүз адам пікір жазса “Рейхстагқа ту тіккендей” өз қылығына өзі мәз - бір балаң топ, қомпылдаған құр мақтан…
Әлем ғарышқа кетіп қалды. Илон Масктар Марспен әуре. Триллионерлер есіктің аузында тұр. Апта сайын жаңа миллиардерлер шығып жатыр.
Цифрланған әлемнің сиқыры санаңды жаулап жатқаны анау. Ай сайын айфонның баптауына (предложениесіне) ақша төлеп, әулиеге қол бергендей “каспий алақанға” ұмсынып, Шыңғысқан кеп кеткелі игерілмеген сортаң жеріңді қытай гүлдендіріп, Дженнеферге билеп, Реалға билет іздеп жүргеніміз кеше ғана…
Ия, отар болдық, ия, басқыншылар аяған жоқ.
Бір- бірімізге айдап салды. Қазақ көрсек ыр ете қаламыз, өзгеге дір ете қаламыз…
Бірақ, өзгеруіміз керек қой. Ұлу табандап болса да алға жылжып, ұлттың деңгейін көтеруіміз керек қой…
“Біріңді қазақ - бірің дос…” тұтпасаң бәрі бекер екенін Абай айтудай айтып кетті.
Бірақ, бәле іздеуді қоймасаң, кек қуып, өшпенділікпен өмірің өтсе, қайдағы достық, қайдағы бауырлық?!
Қазір әлем де, біз де өзгердік.
“Аман болсақ болды” дейтін жаугершілік заман да емес, көшенің заңымен көсем боп жүретін тоқсаныншы жылдар да келмеске кетті…
Бәрі қадағалауда, ештеңе ескерусіз жатқан жоқ. Әр қадамың камерада жазулы, әр коменттің ертең өзіңе куәлікке келеді. Біреуді бекерден - бекер даттау, дәлелсіз жала жабу, медиада абыройын төгіп үкімді сөз айту - үлкен жауапкершілік!
Эмоциямен ешкімді соттай алмаймыз, ашумен ақиқатқа жете алмаймыз, өсекпен өспейміз, өнбейміз. Заң күшейген заман келді. Байқап, барлап өмір сүргендер ғана бейбіт ғұмыр кешеді. Артық сөйлеп, денесін игере ашмағандар кемесін қайраңға тірейді…
Аз кем асықса алпауыт империя да айтқанын істете алмайды, дұрыс қозғалса кішкентай Сингапур әлемді таңырқатып, азғантай Монако байларды байлап қояды…
Қазақ аттаннан, айғайдан, аяқтан шалудан, арттан пышақ ұрудан шаршаған халық.
Енді еш жимасақ, ел сияқты әркім өз шекарасында өмір сүріп, біліммен, иманмен, мәдениетпен алға жылжымасақ, ешкім қолыңнан тартпайды, жолыңды ашпайды…
Ширек ғасыр даттағанды да, мақтағанды көрдік. Тағдырым қолында тұрмағасын пенделер бақытсыз қыла алмады. Абырой Алланың қолында болғасын, мақтауға да маңыз бере қоймадық. Өлтірмеген сынақтың бәрі күшейтті. Елдің батасы, достың дұғасы дамытты, өсірді, өрлетті. Хаққа құлшылық, халыққа қызмет - қасиетті борышымыз!
Біреумен жауласуға, дауласуға, кектесуге ниетім де, құлқым да, уақытым да жоқ. Алла қамқоршы, естияр ел тілекші, өмір өлшеулі!Ел аман болсын!
Заман түзеліп келеді. Мемлекет басшысы көш бастап, заң орынында, тәуелсіздік тұғырында боп, әлемде әділдік үстем болсын!"деп жазды Мұхамеджан Тазабек.