Қайрат Нұртастың шешесі жауапқа тартылып, айыппұл арқалады

Қайрат Нұртастың шешесі жауапқа тартылып, айыппұл арқалады

Қазақстанда әлеуметтік желі арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырған ондаған аккаунт анықталды. Олардың арасында танымал блогерлер мен өнер адамдары да бар. Кейбіріне салынған айыппұл 2 миллион теңгеден асып кеткен, деп жазады Democrat.kz.

Спорт және туризм министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында лотерея туралы заңнаманы бұзған 69 аккаунт анықталған.

Олардың иелеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік шара қолданылған.

Заң бұзушылардың қатарында Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова, актриса әрі блогер Әсел Асқар, сондай-ақ Аружан Әбілова, Айым Алтынбекова (Aeka.Posh) және Елдос Қадірханов бар.

Министрлік таратқан дерекке сәйкес, Гүлзира Айдарбековаға 196 600 теңге айыппұл салынған.

Ал Әсел Асқар мен Аружан Әбіловаға 648 750 теңгеден айыппұл белгіленген.

Осындай көлемдегі айыппұл Елдос Қадірханов пен Aeka.Posh атымен танымал Айым Алтынбековаға да салынған.

Тізімде бұдан бөлек @aidana_kelin, @elshinzhanerke, @nazzizaru, @saltanat,a,e,official, @nurekengooy_8 секілді аккаунттар кездеседі.

Ең ірі айыппұл aitoli_aktau аккаунтына тиесілі. Оған 525 АЕК, яғни 2 064 300 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Ал ең төменгі жаза 50 АЕК немесе 196 600 теңге болған.

Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов Қазақстанда лотерея ұйымдастыру үшін тиісті лицензия қажет екенін ескерткен еді.

Әлеуметтік желіде сыйлық, көлік, ақша немесе басқа да жүлде ойнататын аккаунттар көбейгенімен, олардың бәрі заңды лотерея болып саналмайды. Егер ұйымдастырушыда қажетті рұқсат болмаса, мұндай әрекет әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Заңсыз лотерея кезінде азаматтарға нақты материалдық шығын келсе, ұйымдастырушылардың әрекеті қосымша тексерілуі де ықтимал.

Спорт және туризм министрлігі заң бұзған аккаунттардың толық тізімін өзінің ресми сайтында жариялаған.

Барлық жаңалықтар