Әлеуметтік желіде орыс сыныбында оқитын балаларға қазақ тілін үйрету сапасы қызу талқыланып жатыр. Ата-аналардың бір бөлігі сабақ сағаты жеткіліксіз әрі оқыту әдісі нәтиже бермейді десе, өзгелері қазақ тілі аптасына 3–4 рет өтетінін айтып, мәселені тек сағат санынан іздеуге болмайтынын алға тартты, деп жазады Democrat.kz.
Пікірталасқа Евгения Ланганс есімді желі қолданушысының жазбасы себеп болды. Оның айтуынша, екінші сыныпта орыс тілінде білім алатын ұлының кестесінде қазақ тілі аптасына бір рет қана бар.
Анасы алғашқы сабақтан кейін баласынан не үйренгенін сұрағанда:
«Білмеймін. Тақтадан бірдеңе көшіріп жаздық», – деген жауап алғанын жазды.
Оның сөзінше, мәселе мектепте немесе жеке мұғалімде ғана емес, оқу бағдарламасының өзінде болуы мүмкін. Бала мәтінді тақтадан көшіргенімен, оның не жазғанын, қалай оқылатынын және мағынасын түсінбесе, мұндай сабақтың нәтижесі күмән тудырады дейді.
«Мен баламның Қазақстанда өмір сүргендіктен қазақ тілін білгенін, сөйлегенін және түсінгенін қалаймын. Қазақ тілі күн сайын болса да қарсы емеспін. Маған оның кестеде жай ғана тұрғаны емес, тілді меңгергені керек», – дейді ата-ана.
Жазба мыңдаған реакция жинап, пікірлерде өзге ата-аналар да тәжірибесімен бөлісті.
Бір қолданушы 10-сыныпта оқитын баласының қазақ тілі аптасына төрт рет өтетінін, бағалары жақсы болғанымен, тілдік білімін «үшке де жетпейді» деп бағалайтынын жазды.
«Баланы он жыл бойы аптасына үш-төрт рет оқытып, іс жүзінде ештеңе үйретпеуге қалай болады? Сонда БЖБ мен ТЖБ-ны қалай тапсырады, эссені қалай жазады?» – деп сауал қойды ол.
Ал кей пікір иелері «орыс сыныптарында қазақ тілі аптасына бір рет қана өтеді» деген ақпаратпен келіспеді. Олардың айтуынша, көптеген мектепте пән аптасына үш-төрт рет оқытылады. Демек, сабақ саны әр мектептің оқу жоспары мен сынып деңгейіне байланысты болуы мүмкін.
Тағы бір пікірде қазақ тілін білмеу тек мектепке байланысты емес екені айтылды. Желі қолданушысы көршісінің баласы қазақ тіліндегі тапсырмаларды түсінгісі келмейтінін, отбасының өзі де мемлекеттік тілді үйренуге ынталандырмайтынын мысалға келтірген.
Алайда талқылаудағы негізгі сұрақ сабақтың саны емес, нәтижесі болып отыр.
Баланың күнделігінде «бес» тұрғанымен, қазақша еркін сөйлей алмаса, мәтінді түсініп оқи алмаса немесе қарапайым ойын жеткізе алмаса, бағалау жүйесі нақты білімді қаншалық көрсетеді?
Әлеуметтік желідегі пікірлер бір мәселеге келіп тіреледі: Қазақстандағы орыс тілінде білім алатын сыныптарда қазақ тілін оқыту «көшіріп жазу – баға алу – келесі тақырыпқа өту» үлгісінен шығып, баланы сөйлетуге, түсінуге және күнделікті өмірде тілді қолдануға бағытталуы тиіс деген талап күшейіп келеді.

