«Қазақстанда дұға ететіндер 4% ғана» деген дерек рас па? Pew зерттеуін тексердік

«Қазақстанда дұға ететіндер 4% ғана» деген дерек рас па? Pew зерттеуін тексердік

Әлеуметтік желіде посткеңестік елдердегі күн сайын дұға ететіндердің үлесі туралы тізім тарады. Онда Қазақстан 4 пайызбен соңғы орында көрсетілген. Жазба авторы дереккөз ретінде Pew Research Center-ді атаған. Алайда түпнұсқа зерттеулерді салыстырғанда, жарияланған тізімдегі сандардың бір бөлігі Pew деректерімен сәйкес келмейтіні анықталды, деп жазады Democrat.kz.

Жазбада Тәжікстан – 65%, Молдова – 48%, Армения – 45%, Қырғызстан – 39%, Грузия – 38%, Өзбекстан – 35%, Украина – 29%, Беларусь – 27%, Әзербайжан – 21%, Ресей – 17%, ал Қазақстан – 4% деп көрсетілген.

Алайда Pew Research Center-дің 2018 жылы жариялаған «The Age Gap in Religion Around the World» зерттеуінде күн сайын дұға ететіндердің жалпы халық ішіндегі үлесі Қазақстанда 20% деп берілген. Сол кестеде Қырғызстан – 24%, Тәжікстан – 48%, Өзбекстан – 26%, Әзербайжан – 76%. Армениядағы 45%, Грузиядағы 38%, Литвадағы 15% және Эстониядағы 9% көрсеткіші әлеуметтік желідегі тізіммен сәйкес келеді.

Қазақстанға қатысты 4% деген сан Pew-де бар, бірақ ол мүлде басқа зерттеуден алынған. 2012 жылғы «The World’s Muslims: Unity and Diversity» зерттеуінде Қазақстандағы мұсылмандардың 4%-ы күніне бірнеше рет дұға ететінін айтқан. Ал бес уақыт намаздың барлығын күн сайын орындайтынын айтқандар – 2%. Бұл «Қазақстан халқының 4%-ы ғана күн сайын дұға етеді» дегенді білдірмейді.

Тағы бір маңызды жайт: Pew-дің 2018 жылғы есебі 2008–2017 жылдары 100-ден астам елде жүргізілген әртүрлі сауалнамалардың деректерін біріктірген. Яғни бұл көрсеткіштерді 2026 жылғы қазіргі діни ахуалдың жаңа статистикасы ретінде көрсетуге болмайды.

Осылайша әлеуметтік желідегі тізім Pew Research Center-дің бір ғана зерттеуінен алынған тұтас рейтинг емес. Онда әр кезеңдегі және әртүрлі өлшеммен жүргізілген зерттеулердің көрсеткіштері араласып кеткенге ұқсайды.

Ал Қазақстанға қатысты «4%» деген көрсеткіш – ең айқын мысал: Pew-дің күнделікті дұға туралы жалпы халыққа қатысты дерегі – 20%, ал 4% көрсеткіші 2012 жылғы мұсылмандар арасында «күніне бірнеше рет дұға ету» жөніндегі бөлек сауалнамаға тиесілі.

Барлық жаңалықтар