Қазақстан азаматтары eGov арқылы жеке деректерін өңдеуге берген келісімін 719 мың рет кері қайтарған. Мемлекет азаматқа оның ақпаратына қай ұйым кіре алатынын бақылауға мүмкіндік беретін жүйені кеңейтіп жатыр, деп жазады Democrat.kz.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Қазір жеке деректерге қолжетімділікті бақылау сервисіне 481 цифрлық ақпараттық жүйе қосылған.
Осы сервис арқылы азамат белгілі бір ұйымға бұрын берген келісімін қайтарып ала алады.
Жыл басынан тамыз айының соңына дейін қазақстандықтар бұл мүмкіндікті 719 мың рет пайдаланған.
Жалпы осы сегіз айда электрондық үкімет жүйесінде 370 млн-нан астам сұрау өңделген.
Мемлекет жеке ақпараттың қандай мақсатпен және кім тарапынан пайдаланылып жатқанын азаматтың өзі бақылай алатын модельге біртіндеп көшіп келеді.