Қаржы нарығын реттеу агенттігі қазақстандықтардың несие тарихы қалай қалыптасатынын және оған кімнің қол жеткізе алатынын түсіндірді. Банктер мен микроқаржы ұйымдары деректерді кредиттік бюроларға тұрақты жіберіп отырады, бірақ үшінші тұлғалар азаматтың келісімінсіз толық кредит есебін ала алмайды, деп жазады Democrat.kz.
Кредит тарихында адамның банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алған қарыздары туралы мәлімет сақталады.
Оған қарыз сомасы, төлем кестесі, кешіктірілген төлемдер және міндеттемелердің орындалуы туралы ақпарат кіреді.
Қаржы ұйымдары бұл деректерді кредиттік бюроларға береді.
Жаңа несие рәсімдеу кезінде банк клиенттің бұрынғы қарыздарын қалай төлегенін және қазіргі борыштық жүктемесін бағалайды.
Нашар кредит тарихы автоматты түрде өмір бойы несие берілмейді дегенді білдірмейді. Банктер әр өтінімді өзінің тәуекел саясаты бойынша бағалайды.
Қазақстандықтар өздерінің кредиттік есебін тексеріп, онда қате ақпарат болса, оны түзету рәсімін бастай алады.
Реттеуші азаматтарға әсіресе жаңа несие алудың алдында өз кредит тарихын тексеруге кеңес береді.