Мұхит Сапарбаевқа берген сұхбатында марқұм Заманбек Нұрқаділовтің қызы Құралай Нұрқаділова анасының соңғы күндерінде тартқан азабы туралы айтып берді деп жазады Democrat.kz.
Құралай Нұрқаділованың айтуынша, марқұм анасы өмірінің соңғы күндерінде қатты азап шеккен. Соңғы күндеріне дейін марқұм күйеуі Заманбек Нұрқаділовке деген махаббатының ауыр жүгін тасып, қатты қиналған екен.
"Анамды әкеме деген сүйіспеншілік қатты күйретіп жіберді. Әкемнің басқа өмірді, жаңа отбасылық өмірді таңдағанын қабылдап, көндіге алмады.
Сол көндіге алмауының салдарынан да қатты күйзеліске ұшырап, іштей күйреп кетті. Біздің бұрынғы үйіміздің қабырғасына қағылған әкемнің тақта мемориалымен сөйлесетін үнемі.
"Зәке, тұрсың ба? Мен дүкенге кетіп барамын. Зәке, мен дүкеннен келе жатырмын. Сені қабырғаға шегелеп, қадап қойды ма. Сол жерде тұрсың ба? Енді ешқайда кетпейсің, иә?" деп күбірлеп анам әкемнің мемориал тақтасымен сөйлесіп отыратын.
Әкемнің ескерткіші ашылуға үш күн қалғанда, шешем өмірмен қош айтысты. Сол сәтте ғана осы күнге дейін арқалап келген азабын қабылдап, бізді емес, әкемнің жағын таңдап, кете барғандай. Анам бұл хикаяның жүгінен әбден шаршады", деген Құралай Нұрқаділова көзіне жас алды.