Үндістанның Баруйпур қаласында 12 жастағы қыздың өлімі жаппай тәртіпсіздікке ұласты, деп жазады Democrat.kz сайты ult.kz.-ке сілтеме жасап.
Қыздың мәйіті тоғаннан табылған қаптың ішінен шыққан. Осыдан кейін ашуға булыққан ауыл тұрғындары қылмысқа қатысы бар деп күдіктенген жігітті ұстап алып, аяусыз соққыға жыққан. Жергілікті ақпаратқа сәйкес, ол құқық қорғау органдарына қылмыс болған жерді көрсеткендіктен күдікке ілінген. Ер адам алған жарақаттарынан көз жұмған.
Кейін тұрғындардың наразылығы полициямен қақтығысқа ұласты. Наразылық білдірушілер теміржол қозғалысын бөгеп, бірнеше автокөлікті бүлдірген.
Билік бұл іске қатысы бар деген күдікпен үш адамды қамауға алғанын хабарлады. Құқық қорғау органдары кінәлілер заң аясында ең қатаң жазаға тартылатынын мәлімдеді.