Қоғам қайраткері, білім және кадр даярлау саласындағы сарапшы Ғалым Байтук Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қызметке келгеніне бір жыл толуына байланысты пікір білдірді. Сарапшы министрдің күрделі мәселелерден қашпайтынын атап өтіп, білім саласында реформа жасау кезінде асығыстықтан гөрі нақты нәтиже маңызды екенін айтты, деп жазады Democrat.kz.
Ғалым Байтук білім саласын ұзақ жылдан бері бақылап келе жатқанын, ал соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстарға өзі де белсенді араласып жүргенін атап өтті.
Оның айтуынша, білім беру жүйесі — кез келген өзгеріс бірден бірнеше тараптың мүддесіне әсер ететін күрделі сала.
«Мұнда ең оңайы — ештеңеге тимеу. Өйткені кез келген өзгеріс мұғалімдерге, ата-аналарға, мектеп директорларына, оқулық авторларына, әдіскерлерге әсер етеді. Әрі әр уақытта “бұрынғыдай қалдыра салған дұрыс” деуге он шақты себеп табылады», — дейді сарапшы.
Алайда оның пікірінше, білім саласын бұрынғы қалпында қалдыру да мүмкін емес. Себебі бұл салада жылдар бойы жиналған мәселелер аз емес.
Олардың қатарында оқулықтардың сапасы, оқу бағдарламаларының шамадан тыс ауырлығы, бағалау жүйесі, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығы, педагогтерді даярлау, мектеп инфрақұрылымы мен балалардың қауіпсіздігі бар.
Ғалым Байтук бұл проблемалардың қазіргі министрдің тұсында пайда болмағанын да ерекше атап өтеді.
Сарапшы Жұлдыз Сүлейменованың бір жылдық қызметіндегі басты ерекшеліктің бірі ретінде оның күрделі тақырыптардан жалтармайтынын атады.
«Жұлдыз Досбергенқызы шешімі көпшілікке ұнамауы немесе қызу пікірталас тудыруы мүмкін мәселелерге барудан қорықпайды», — деп жазады ол.
Ғалым Байтук министрліктің білім беру жүйесіндегі негізгі дағдыларға қайта назар аудару бағытын қолдайтынын жеткізді.
Оның пікірінше, бала ең алдымен мәтінді оқып, оның мағынасын түсінуге, сауатты жазуға, есеп шығаруға және өз ойын дұрыс жеткізуге үйренуі керек.
Сондықтан сарапшы диктант, мазмұндама мен шығарма жазуға қайта мән берілуін, оқулықтардың мазмұнын қайта қарауды және оқушылардың іргелі білім дағдыларына басымдық берілуін дұрыс бағыт деп санайды.
«Әсіресе қазір жасанды интеллект адамның орнына бәрін дерлік жазып бере алатын уақытта баланың өз ойын қалыптастыра білуі аса маңызды», — дейді ол.
Ғалым Байтук бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінің өзгеруіне де тоқталды.
Оның сөзінше, 2–4-сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-дан бас тартылып, аралық бағалау енгізіліп жатыр.
Алайда сарапшы бұл өзгерісті қазірден үлкен жетістік немесе сәтсіздік деп бағалауға асықпау керек деп есептейді.
«Оның жақсы не жаман екендігін тек тәжірибе көрсетеді. Білім саласында кез келген реформаны алдын ала тарихи жетістік деп жариялау қауіпті. Оның нақты сыныпта қалай жұмыс істейтінін, мұғалім, ата-ана және бала не айтатынын көру керек. Шешім дұрыс болса — дамыту қажет. Дұрыс болмаса — сабырмен түзету керек», — дейді сарапшы.
Ол мемлекеттік жүйеде кейде белгілі бір шешімнің жетілдіруді қажет ететінін мойындау мәдениеті жетіспейтінін де айтты.
Ғалым Байтуктың пікірінше, Жұлдыз Сүлейменованың бір артықшылығы — мектеп жүйесін тек есептер арқылы білмеуі.
Сарапшы министрдің еңбек жолын мұғалімдіктен бастағанын, білім беру жүйесінде жұмыс істегенін, кейін депутат болғанын еске салды.
Оның ойынша, мұндай тәжірибе бір мәселені бірнеше қырынан — сыныптан, Парламенттен және министр кабинетінен көруге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Ғалым Байтук білім саласындағы өзгерістерді бір жылмен өлшеу дұрыс емес екенін айтады.
«Білім үшін бір жыл — өте қысқа мерзім. Кейбір шешімдердің нәтижесі бес жылдан, тіпті он жылдан кейін ғана көрінеді. Сондықтан қазір түпкілікті баға беру ерте. Бірақ бағытты талқылауға болады», — дейді ол.
Сарапшының пікірінше, министрдің саладағы проблемаларды жасыруға тырыспай, оларды мойындап, шешуге кірісуі — маңызды қадам.
Сонымен қатар ол барлық реформаны қолдай беруге міндетті емес екенін де жасырмайды.
«Әр реформа сәтті бола бермейді. Әр шешіммен мен де келісуге міндетті емеспін. Бұл — қалыпты жағдай», — дейді Ғалым Байтук.
Оның айтуынша, ең бастысы — білім саласы «реформа үшін жасалған реформалардың» тізбегіне айналып кетпеуге тиіс.
Жылдар бойы жиналған проблемаларды біртіндеп шешіп, тиімді жұмыс істеп тұрған жүйені сақтау, ескірген тәсілдерді өзгерту және жіберілген қателіктерді түзетуден қорықпау керек.
«Өйткені министрдің жұмысын бағалайтын басты көрсеткіш — қабылданған бұйрықтардың немесе жасалған презентациялардың саны емес. Ең басты көрсеткіш — баланың ақыр соңында нені үйренгені», — деп түйіндеді Ғалым Байтук.