Қазақстандық азаматша Аружан Қойшубаева жұбайы, отандық танымал рэпер Qurt (нақты есімі – Дамир Қойшубаев) тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді. Ол бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жазып, денесіндегі ауыр жарақаттардың фотосуреттері мен бейнематериалдарын жариялады.
Жәбірленушінің айтуынша, қайғылы оқиға 27 маусым күні таңғы сағат 10 шамасында болған. Рэпер жұбайын белбеумен бір сағат бойы соққыға жыққан. Белбеу үзіліп қалған соң, басқа белбеумен ұруын жалғастырған.
«Мен күйеуім – Qurt лақап атымен танымал рэпердің соққысына ұшырадым. Пәтерден қаша алмадым, сондықтан қатты айқайладым. Ол мені тоқтаусыз сабаумен болды», – деп жазды Аружан Қойшубаева.
Оның айқайын естіген көршілері дереу көмекке келген. Алайда жәбірленуші бұл жағдайды көпшілікке жариялауға ұзақ уақыт бойы батылдық танытпағанын, себебі күйеуіне деген сүйіспеншілігі кедергі болғанын айтады.
«Мен оны жақсы көргендіктен, бұл жағдайды жасырып келдім. Бірақ оның өз ісіне өкініп, кешірім сұрайтын түрі жоқ. Жарақаттар тіркелді, ертең полицияға арыз жазамын. Ол достарымен келіп, мені қысыммен видеоға түсіріп, ешқандай шағымым жоқ екенін айтқызуға тырысты. Достарының бірі маған қоқан-лоқы көрсетіп жатыр. Не істерімді білмеймін», – деді ол.
Осы жағдайға байланысты қоғам белсенділері мен танымал тұлғалар үн қата бастады. Аружанға танымал әнші Say Mo мен журналист Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелді қолдау білдірді.
Қазір жәбірленуші заңгерлерден көмек сұрап отыр. Ол рэпердің елден кетіп қалуынан қауіптеніп, оның жауапкершіліктен жалтарып кетуі мүмкін екенін алға тартуда.
Ал әзірге Qurt лақапатымен танылған Дамир Қойшубаев бұл жағдайға байланысты ешқандай пікір білдірмеді.