Қазақстанда су, жарық, жылу және газ тұтыну туралы мәліметтерді біріктіретін Smart Turmys платформасының іске қосылуы кейінге қалдырылды. Жүйе биыл жұмысын бастауы тиіс болған, алайда алғашқы модульдер енді 2027 жылдың бірінші жартысында енгізіледі, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыруға арналған Smart Turmys платформасының іске қосылу мерзімі өзгерді.
Бұл туралы 15 қазанда өткен брифингте Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
Бастапқы жоспар бойынша жүйенің алғашқы модульдері 2026 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға берілуі тиіс еді.
Алайда жаңа жоспарға сәйкес, платформаны іске қосу 2027 жылдың бірінші немесе екінші тоқсанына ауыстырылды.
Smart Turmys коммуналдық қызметтерге қатысты мәліметтерді бір жүйеге жинауға арналған.
Платформада абоненттердің бірыңғай тізілімі жүргізіліп, су, жылу, электр энергиясы мен газды тұтыну көрсеткіштері есепке алынады.
Сонымен қатар коммуналдық төлемдер туралы ақпаратты цифрлық форматта бақылау қарастырылған.
Жүнісбековтің айтуынша, жаңа платформа қазіргі ақпараттық жүйелерді толығымен алмастырмайды.
Оның негізгі міндеті — әртүрлі жүйелерде сақталған мәліметтерді біріктіру.
Қазір мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлық жүйесінде инженерлік желілердің шамамен 95 пайызы цифрландырылған.
Smart Turmys жүйесін «Монополист» ақпараттық базасымен де біріктіру жоспарланып отыр.
Бұл коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламалары туралы ақпараттың ашықтығын арттыруға бағытталған.
Болашақта азаматтар коммуналдық қызметтердің көрсеткіштерін, есептеулерін және тиісті мәліметтерін бір жүйе арқылы бақылау мүмкіндігіне ие болуы мүмкін.
Дегенмен платформа әлі толық іске қосылған жоқ. Оның нақты қызметтері мен пайдаланушыларға қолжетімді болатын мүмкіндіктері кезең-кезеңімен жарияланады.