Мұғалімдер Balazhan платформасына шағымданды: балалардың жеке деректері қалай қорғалады?

Мұғалімдер Balazhan платформасына шағымданды: балалардың жеке деректері қалай қорғалады?

Қазақстандық мұғалімдер жаңа Balazhan цифрлық платформасына балалар мен олардың ата-аналары туралы жеке мәліметтерді енгізу талабына алаңдаушылық білдірді. Педагогтер деректердің қауіпсіздігіне қатысты сұрақ көтергеннен кейін Оқу-ағарту министрлігі ресми түсініктеме берді, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанда балаларға қатысты ақпаратты біріктіретін Balazhan цифрлық платформасы қоғам талқысына түсті.

Әлеуметтік желілерде бірқатар мұғалім жаңа жүйеге оқушылар мен олардың отбасылары туралы мәліметтерді енгізу қажеттігіне шағымданған.

Педагогтердің айтуынша, платформаға жеке сәйкестендіру нөмірлері, тұрғылықты мекенжайлар, ата-аналардың жұмыс орындары және басқа да жеке ақпарат енгізіледі.

Кейбір мұғалімдер мұндай мәліметтердің қауіпсіздігіне кім жауап беретінін сұраған.

Сонымен қатар жүйеге электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіру тәртібі де алаңдаушылық туғызған.

15 қазанда Оқу-ағарту министрлігі аталған мәселеге байланысты ресми түсініктеме жариялады.

Ведомствоның мәліметінше, Balazhan платформасы «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында енгізіліп жатыр.

Жүйенің негізгі мақсаты — ерекше назар мен қолдауды қажет ететін балаларды дер кезінде анықтау және оларға қажетті көмек ұйымдастыру.

Министрлік жаңа платформа балалар мен олардың отбасылары туралы бұрын болмаған қосымша мәліметтерді жинау талабын енгізбейтінін мәлімдеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, педагогтер бұған дейін қағаз құжаттарда және әртүрлі ақпараттық жүйелерде жүргізген мәліметтер енді бір цифрлық платформаға біріктіріледі.

Бастапқы ақпарат жүйеге бір рет енгізіліп, кейін қажеттілікке қарай жаңартылып отырады.

Бұл мұғалімдердің қағазбастылығын азайтуға және мамандар арасындағы жұмысты жеңілдетуге бағытталған.

Министрлік Balazhan Ұлттық білім беру деректер базасының модулі екенін хабарлады.

Сондай-ақ балалардың жеке деректері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қорғалатынын мәлімдеді.

Дегенмен педагогтер мен ата-аналардың алаңдаушылығы жеке ақпаратты сақтау және өңдеу мәселесінің маңыздылығын көрсетіп отыр.

Әсіресе кәмелетке толмаған балалар туралы мәліметтердің қорғалуы мемлекеттік цифрлық жүйелерге деген сенімнің негізгі шарттарының бірі болып саналады. 

Барлық жаңалықтар