"Мұғалімнің жарты ақшасын бізге берсін!": Ата-ананың талабы ұстаздардың ашуын туғызды

"Мұғалімнің жарты ақшасын бізге берсін!": Ата-ананың талабы ұстаздардың ашуын туғызды

Баласының үй тапсырмасын орындауға бірнеше сағаты кеткеніне наразы болған ана мұғалімдерге шүйлігіп, әлеуметтік желіде дау туғызды. Оның талабына жауап берген педагогтер өздерінің де бала-шағасы, отбасы барын айтып, ұстаздан талап етілетін міндеттердің шегі қайда екенін сұрады, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде баласының үй тапсырмасына көп уақыт жұмсайтынын айтып шағымданған ата-ананың видеосы қызу талқыланып жатыр.

Желіде тараған бейнежазбада әйел мұғалімдерге қарата «Үй жұмысы деген достала уже! Жұмыс жасайық немесе полставканың ақшасын бізге беріңдер, құрметті ұстаздар!» деген мазмұнда наразылық білдірген.

Ананың айтуынша, баласының үй тапсырмасын орындауына бес сағатқа дейін уақыт кетеді. Ол мектепте білім беретін мұғалімдер үйде ата-аналарға шамадан тыс жұмыс жүктеп отырғанына наразы.

Алайда бұл талапқа жауап берген ұстаздар мен өзге ата-аналар арасында өткір пікірталас басталды.

«Біздің алдымыздағы 28 баланы қайтеміз?»

Жазбаға жауап берген қолданушылардың бірі өзін мұғалім ретінде таныстырып, ата-ананың талабына қарсы шыққан.

«Мұғалімдер нестейміз? Бір балаға 5 сағатым кетті деп жылайды, біздің алдымыздағы 28 балашы? Кешке шақырып алсын дейді, біздің басқа шаруамыз жоқ па? Мұғалімдердің бала-шағасы жоқ па? Біз де сіз сияқты баламызға сабақ өтеміз үйде», — деп жазған ол.

Бұл пікірде ата-ана мен мұғалімнің күнделікті жауапкершілігі салыстырылған.

Анасы бір баласының тапсырмасына бірнеше сағат жұмсалғанын айтса, мұғалім бір сыныптағы ондаған баланы қатар оқытып, олардың білімін тексеруге міндетті екенін еске салған.

Тағы бір пікір иесі ұстаздың мойнындағы қосымша жұмыстарды тізбектеп шыққан.

«Енді қалғаны мұғалімге үй жұмысын орындатып отыру қалды ма? Сабақ өтеді, мың қырық құжат, жоба, ашық сабақ, олимпиадаға дайындау. Ештеңе сенің балаңның үй жұмысын орындатып жіберу керек екен, мұғалімнің басына тыққандарың қалды», — деп ашуланған ол.

«Мұғалімнің мамандығы ғой, нәтиже шығару міндеті!»

Дегенмен ата-ананың ұстанымын қолдағандар да табылды.

Пікір қалдырған бір мұғалім баланың білім алуына жауапкершілік ең алдымен педагогке жүктелетінін алға тартқан.

«Мен де мұғаліммін, жұмысымыз көп, басымызды қағаздан көтермейміз. Бірақ сіздің ол мамандығыңыз ғой, нәтиже шығару сізден ғой. Не ол гений болып кете ме деген сөз? Гений қыл қолыңнан келсе!» — деп жазған ол.

Пікір авторы өз сөзінде дәрігерлерді мысалға келтіріп, әр маман өз жұмысының нәтижесіне жауап беруі керектігін айтқан.

Ал оған жауап берген қолданушы сыныптағы оқушы саны мен күнделікті бағалау жұмыстарын алға тартқан.

«Сыныбыңыз бар ма? Кәдімгі мектепте жұмыс істейсіз бе? БЖБ, ТЖБ кезеңі ме?» — деп сұраған ол.

Басқа пікір иесі мұғалімнің әр балаға жеке-жеке уақыт бөлуінің қиындығын әжуалаған.

«Бір балаға жыртылып жатыр, 25 баланы оқытсаң, асылып қалатын шығарсың», — деген ол.

«Түнгі 11-ге дейін сабақ оқытатын күндер болады»

Пікірталаста ата-ананың шағымын түсінетіндер де бар.

«Түнгі 11-ге дейін сабақ оқытып отыратын күндер болатын. Сонда анамыздың басына келмейтін мұғалімдер неге үй тапсырмасын береді, не үйіне келіп бермейді деген... Не болып бара жатырмыз?» — деп жазған қолданушы.

Ал басқа пікір иесі үй тапсырмасын орындауға ата-ананың қатысуын қалыпты жағдай деп есептейді.

«Баланы ана өзі үшін туады, тегін оқытуға міндетті емес. Сабақ беріледі, түсінбесе өз кінәсі», — деген пікір де жарияланған.

Тағы бір қолданушы мұғалімге талап қоймас бұрын ата-ананың өз міндетін орындауы қажеттігін жазған.

«Өз балаларыңды өздерің оқыта алмайсыңдар, ештеңе келіп мұғалімге бірдеңе дейсіңдер. Қосымшаға бер, сол жақта орындайды үй жұмысын», — деп пікір білдірген ол.

Ал тағы бір желі қолданушысы сабақ кезінде барлық оқушы бірдей материалды түсініп отырғандай көрінгенімен, келесі күні ұмытып қалатынын айтып, мәселені балалардың есте сақтау қабілетімен байланыстырған.

Осылайша, пікірлерде үй тапсырмасының көлемі, мұғалімнің жауапкершілігі және ата-ананың бала тәрбиесіне қатысуы жөнінде бір-біріне қарама-қайшы көзқарастар айтылды.

Балаға білім берудің жауапкершілігі кімнің мойнында?

Бұл пікірталастағы ең күрделі мәселе — баланың үй тапсырмасын орындауына қанша уақыт кететіні ғана емес, мектеп пен ата-ананың міндеті қай жерде түйісетіні.

Мұғалім мектепте оқушыға білім береді, тапсырманы түсіндіреді, оның оқу жетістігін бағалайды. Ал үй тапсырмасы сабақта меңгерілген материалды бекітуге арналған.

Алайда бала күн сайын бірнеше сағат бойы тапсырмасын орындай алмай отырса, оның себебін анықтау маңызды. Бұл тапсырманың көлеміне, күрделілігіне, баланың дайындық деңгейіне немесе сабақта тақырыпты қаншалықты меңгергеніне байланысты болуы мүмкін.

Сондықтан баланың бес сағат тапсырма орындағаны өздігінен мұғалімнің жұмысын дұрыс атқармағанын да, ата-ананың жауапсыздығын да дәлелдемейді.

Threads желісіндегі дау мұғалімдер мен ата-аналардың бір-біріне қоятын талаптары кейде өзара түсіністікке емес, ашық айыптауға ұласатынын көрсетті.

Бір тарап баласының үй тапсырмасына көп уақыт кететініне наразы болса, екінші тарап ұстаздардың ондаған оқушыға сабақ беріп, құжат толтырып, кешке өз отбасына да уақыт бөлуге тиіс екенін еске салады.

Ал осы айтыстың ортасында ең маңызды мәселе қалып отыр: баланың білімді қаншалықты меңгеріп жатқаны.

 

Барлық жаңалықтар