"Қосымша штат ашсын!": Ұстаздар білім саласындағы басшыларға үндеу жолдады

"Қосымша штат ашсын!": Ұстаздар білім саласындағы басшыларға үндеу жолдады

Қазақстандық мұғалімдер білім беру жүйесіндегі цифрлық платформалар мен бітпейтін есептерден шаршағанын айтып, мәселені қайта көтерді. Әлеуметтік желіде педагогтердің негізгі міндетіне қатысы жоқ жұмыстарды орындауға мәжбүр екені айтылып, мектептерге арнайы IT мамандарын бөлу қажеттігі сөз болды, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде мұғалімдердің жұмысына жүктелген электронды платформалар, құжат толтыру және есеп беру міндеттеріне қатысты пікірталас жалғасып жатыр.

Бұл жолы ұстаздар білім саласындағы жауапты адамдарға нақты ұсыныс білдірді: мектептерге электронды жүйелермен жұмыс істейтін жеке маман қажет.

Жазба авторы мектептердегі жағдайды сипаттай отырып, ақпараттық жүйелерге дерек енгізудің мұғалімдердің негізгі жұмысына айналып бара жатқанын айтты.

«Білімклассқа, НОБД-ға, ҚББС-қа тағы бар, жеке штат ашылсын! Информатиктер сабақ береді ме, әлде жұмыс үстінде платформа толтырамыз ба? Алдымызға келген балалар бақылау жаза алмай отыр бүгін! Ішімнен қатты ұялдым! Балалардың бәрі түк білмейтін болып шығып жатыр, мұғалімдердің артық жүктемесінен!» — деп жазды ол.

Автордың бұл сөзі мұғалімдердің шамадан тыс жұмыс жүктемесіне ғана емес, оқушылардың білім сапасына қатысты алаңдаушылықты да көрсетеді.

«Бес жыл IT маманы болып жұмыс істедім»

Пікірталасқа қатысқан қолданушылардың бірі мектепте ақпараттық технологиялар маманы болып бес жыл жұмыс істегенін жазған.

«И так бөлек штат бар ғой. Айти маман деген. 5 жыл жасадым айти маман болып! Сіздің директорыңыз үнемдеп деп отыр ғой жай ғана», — деп пікір білдірген ол.

Алайда өзге қолданушылар барлық мектепте мұндай маманның бар екенімен келіспеген.

«Бізде бөлек маман бар. Бізді мүлде қозғамайды екен», — деген пікір де жарияланды.

Ал тағы бір қолданушы өз мектебінде электронды жүйелерге жауапты арнайы қызметкер жұмыс істейтінін айтқан.

«Бізде оларға жауап беретін жеке завуч бар. Білімкласс, НОБД, тағы басқасының бәрін өзі қарайды. Сіздерде неге олай?» — деп сұраған ол.

Бұл пікірлер мектептердегі міндеттердің әртүрлі бөлінетінін көрсетіп отыр. Кейбір білім беру ұйымдарында арнайы мамандар жұмыс істесе, өзгелерінде электронды платформаларды толтыру мұғалімдерге жүктелетіні айтылған.

«Информатиктер білмесе, біз қайдан білеміз?»

Пікірталаста мұғалімдерден жеке электрондық цифрлық қолтаңба арқылы мәлімет енгізуді талап ету мәселесі де көтерілді.

Бір қолданушы мектептегі әріптесінің басынан өткен жағдайды баяндаған.

«Жаңа ғана бір мұғалім келіп, eGov-тан ЭЦҚ шығарып бер деді. Шығара алмаймын, жаңасын ашайын десем, информатиктер білмесе, біз қайдан білеміз деп жынымды алып кетті менен. Шаршадым», — деп жазды ол.

Осы пікір электронды қызметтер мен құжат рәсімдеу жұмыстарының кімнің міндетіне жататыны туралы мәселені алға шығарды.

Информатика пәнінің мұғалімі оқушыларға сабақ беруге жауапты. Алайда кей мектептерде оған компьютерлік бағдарламалармен, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және басқа қызметкерлердің электронды құжаттарымен байланысты қосымша жұмыстар да жүктелетіні айтылып отыр.

«Бала білім алмай отырғанда платформаның не қажеті бар?»

Жазбадағы ең өткір мәселе — мұғалімдердің қосымша міндеттері оқушылардың білім алуына қалай әсер ететіні.

Автор бақылау жұмысын орындай алмаған балаларды көріп, өзінің қатты ұялғанын жеткізген.

Ол мұндай жағдайды мұғалімдердің шамадан тыс жүктемесімен байланыстырады.

Шынында да, ұстаздың уақыты электронды жүйелерге мәлімет енгізуге, есеп толтыруға, техникалық мәселелерді шешуге жұмсалған жағдайда сабаққа дайындалуға және оқушылармен жеке жұмыс жүргізуге бөлінетін уақыт қысқаруы мүмкін.

Ал оқушылардың біліміндегі олқылықтарды тек мұғалімнің кәсіби шеберлігімен немесе баланың қабілетімен байланыстыру жеткіліксіз. Педагогтің жұмыс жағдайы мен негізгі міндетін орындауға қаншалықты мүмкіндігі бары да маңызды.

Министрлікке жетуге тиіс үндеу

Threads желісіндегі мұғалімдердің жазбалары бір мәселеге келіп тіреледі: мектептегі электронды платформаларды жүргізу міндеті нақты кімге жүктелуге тиіс?

Егер бір мектепте бұл жұмысты арнайы маман атқарса, екінші мектепте неге мұғалім сабақ беруімен қатар сол міндетті де орындауға мәжбүр?

Мектеп басшыларының штаттық қызметкерлер арасындағы міндеттерді бөлуі қаншалықты тиімді ұйымдастырылған?

Ал ақпараттық жүйелерді толтыруға кететін уақыттың оқушылардың білім сапасына ықпалы бағалана ма?

Мұғалімдердің әлеуметтік желідегі пікірлерінен білім саласындағы жауапты адамдарға бағытталған ортақ талап байқалады: педагогтерге негізгі кәсіби міндетін атқаруға мүмкіндік беру.

Өйткені мұғалімнің басты жұмысы — платформаларды толтыру емес, бала оқыту.

«Мұғалімдерді құжат толтырудан босатыңдар! Мектептерге электронды жүйелерге жауапты жеке мамандар бөліңдер!» деген талап осы пікірталастың негізгі түйініне айналып отыр.

 

 

Барлық жаңалықтар