"Мұғалімнің мүмкіндігі жоқ": Қазақстандағы білім сапасын тежеп отырған не?

"Мұғалімнің мүмкіндігі жоқ": Қазақстандағы білім сапасын тежеп отырған не?

Мектептегі білім сапасының төмендеуіне кім жауапты? Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада мұғалімнің негізгі міндетінен алыстап, өзге мәселелермен айналысуға мәжбүр екені айтылды. Автор ұстаздың уақытын алатын бірнеше түйткілді атап, білім саласының дамуына не кедергі болып отырғанын түсіндірді, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде Еркебұлан Балтабайұлы есімді қолданушы Қазақстандағы білім беру жүйесінің дамуына кедергі келтіретін мәселелер туралы пікір білдірді.

«Білім беру саласы не үшін дамымайды? Себебі білім беру саласындағы басты маман — мұғалімнің тек қана білім беру саласына түбегейлі кірісе алуға мүмкіндігінің жоқ екенінен», — деп жазды ол.

Автор бұл мәселені, әсіресе, сынып жетекшілігін атқаратын мұғалімдердің жұмысымен байланыстырады.

Оның пікірінше, ұстаздың негізгі міндеті — оқушыға білім беру. Алайда сынып жетекшілігі, ата-аналармен келіспеушіліктер, оқушылардың бағасына қатысты даулар және әлеуметтік мәселелер мұғалімнің уақытын алады.

«Екіншіден, баға қоюдағы дау, ата-ананың келіспеушілігі, қарама-қайшылық. Сыртқы әлеуметтік мәселелерге, тәрбие процесіндегі күрделі мәселелерге мұғалімнің араласуы, шешу жолын қарастыруы — бұл мұғалімнің тек бала оқытуға деген мақсатын тежейді», — дейді жазба авторы.

Мұғалімнің уақыты кімге жұмсалып жатыр?

Білім беру сапасы мұғалімнің кәсіби дайындығына ғана емес, оның өз жұмысын атқаруға қаншалықты мүмкіндігі барына да байланысты.

Сабаққа дайындалу, оқушының біліміндегі олқылықтарды анықтау, тапсырмаларды тексеру және тақырыпты меңгермеген балалармен жеке жұмыс жүргізу уақытты талап етеді.

Ал сынып жетекшісі осы міндеттермен қатар ата-аналармен байланыс орнатуға, балалар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуге, тәрбие мәселелерін шешуге де қатысады.

Бұл жұмыстар мектеп өмірінің ажырамас бөлігі болғанымен, олардың барлығы бір мұғалімнің мойнына жүктелгенде негізгі қызметке бөлінетін уақыт қысқаруы мүмкін.

Ең үлкен зардапты кім шегеді?

Еркебұлан Балтабайұлы көтерген мәселенің маңызды тұсы — мұғалімнің жұмыс жүктемесі мен оқушының білім сапасы арасындағы байланыс.

Сабақ беруге жеткілікті уақыт пен мүмкіндік болмаса, мұғалім әр баланың білім деңгейіне бірдей назар аудара алмауы ықтимал.

Мәселен, тақырыпты түсінбеген оқушыға қосымша түсіндіру қажет. Ал үлгерімі төмен баланың біліміндегі олқылық уақытында толықтырылмаса, келесі тақырыптарды меңгеруі қиындай береді.

Демек, мұғалімнің шамадан тыс жүктемесі тек педагогтің еңбек жағдайына қатысты мәселе емес. Оның салдары оқушының білім алуына да әсер етуі мүмкін.

Жазбадағы негізгі ой да осыған саяды: білім сапасын арттыру туралы талап қойылғанда, мұғалімнің сол нәтижеге қол жеткізуіне қандай жағдай жасалғаны да ескерілуге тиіс.

Өйткені мектептегі барлық мәселені бір мұғалімнің жауапкершілігіне арту білім сапасын өздігінен жақсартпайды.

Барлық жаңалықтар