2027 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік көмек алатын отбасылардың банк шоттары мен депозиттері олардың келісімі арқылы тексеріледі. Мемлекет азаматтардың табысын ғана емес, шығындарын да есепке алмақ. Ал тексеруге келісім бермеген адамдардың кейбір әлеуметтік төлемдері тоқтатылуы мүмкін, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда әлеуметтік көмекті тағайындау жүйесі жаңартылып жатыр. 14 қазанда Құрылтай отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жаңа механизмнің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Министрдің мәліметінше, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап екінші деңгейлі банктер әлеуметтік көмек алушылар мен олардың отбасы мүшелерінің банк шоттары және депозиттері туралы мәліметтерді ұсына бастайды.
Алайда бұл ақпарат азаматтардың келісімі болған жағдайда ғана беріледі.
Мемлекет отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалау үшін «Отбасының цифрлық картасы» жүйесін пайдаланады. Қазіргі уақытта бұл жүйе шамамен 30 мемлекеттік деректер базасынан ақпарат жинайды.
Отбасының материалдық жағдайы сегіз негізгі бағыт және 50-ден астам көрсеткіш бойынша бағаланады.
Олардың қатарында азаматтардың жұмыспен қамтылуы, табысы, жылжымайтын мүлкі, көлігі, несиелік міндеттемелері және білім деңгейі бар.
Жаңа тәртіп бойынша отбасының тек ресми табысы ғана емес, нақты шығындары да назарға алынады. Бұл мемлекетке азаматтардың әлеуметтік көмекке қаншалықты мұқтаж екенін дәлірек анықтауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Министрдің айтуынша, азаматтардың әлеуметтік жағдайы ай сайын қайта бағаланады. Егер отбасының қаржылық жағдайы нашарласа, оған мемлекеттік қолдау шараларын автоматты түрде ұсыну қарастырылған.
Сонымен бірге банк құпиясына жататын мәліметтерді тексеруге келісім бермеудің құқықтық салдары болады.
Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, азамат қажетті мәліметтерді тексеруге рұқсат бермесе, әлеуметтік қорғаудың тиісті шараларын тағайындаудан бас тартылуы мүмкін.
Ал жәрдемақыны бұрыннан алып жүрген адамдардың төлемдері уақытша тоқтатылуы ықтимал. Келісім берілгеннен кейін төлемдерді қайта жалғастыру қарастырылған.
14 қазанда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин әлеуметтік көмекті қайта бағалау шамамен 529 мың азаматқа қатысты жүргізіліп жатқанын айтты.
Дегенмен бұл адамдардың барлығы жәрдемақысынан айырылады деген сөз емес. Түпкілікті шешім отбасылардың нақты әлеуметтік жағдайын тексеру нәтижесінде қабылданады.
Үкімет жаңа жүйенің негізгі мақсаты мемлекеттік қаражатты үнемдеу ғана емес, көмекті шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттау екенін мәлімдеді.