Қазақстанға визасыз кіретін шетел азаматтары 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап электрондық рұқсат алуға міндеттеледі. Жаңа құжат тегін рәсімделеді, бірақ өтініш елге келерден кемінде 72 сағат бұрын берілуі тиіс. Үкімет шекарадан өту тәртібін өзгертетін қаулыны бекітті, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда шетел азаматтарының елге кіру және ел аумағында болу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Үкіметтің 10 қазанда қабылдаған №890 қаулысы 14 қазанда жарияланып, жаңа электрондық рұқсат жүйесінің қашан іске қосылатыны белгілі болды.
Жаңа ереже Қазақстанмен визасыз қатынас туралы келісімі бар мемлекеттердің азаматтарына да қолданылады. Олардың қатарында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа елдер бар.
Электрондық рұқсатты Ішкі істер министрлігі ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу арқылы береді. Құжат арнайы цифрлық платформада тегін рәсімделеді.
Өтініш шекарадан өту жоспарланған уақыттан кемінде 72 сағат бұрын тапсырылуы қажет. Рұқсаттың жарамдылық мерзімі 180 күнді құрайды. Алайда бұл шетелдік азамат Қазақстанда 180 күн бойы үздіксіз тұра алады дегенді білдірмейді. Елде болу ұзақтығы әр мемлекеттің азаматтарына арналған көші-қон ережелеріне байланысты анықталады.
Жаңа жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі. 2026 жылдың 1 қарашасынан бастап ол Ақтау халықаралық әуежайында және төрт автомобиль өткізу бекетінде қолданыла бастайды.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Астана мен Алматы әуежайлары жүйеге қосылады. Ал 1 наурыздан бастап электрондық рұқсат барлық қалған шекара бекеттерінде енгізіледі.
Алғашқы кезеңдерде құжаттың болмауы шетелдік азаматты Қазақстанға кіргізбеуге негіз болмайды. Шекара қызметкерлері жаңа талапты түсіндірумен шектеледі.
2027 жылдың 1 шілдесінен бастап электрондық рұқсат міндетті болады. Осы күннен кейін тиісті рұқсаты жоқ шетелдік азаматқа елге кіруге тыйым салынуы мүмкін.
Сонымен қатар жаңа ережеде 29 санатқа жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, 16 жасқа толмаған балалар, 65 жастан асқан адамдар, Қазақстанда тұруға ықтиярхаты немесе уақытша тұруға рұқсаты бар шетелдіктер электрондық рұқсат рәсімдеуден босатылады.
Жаңа тәртіп Қазақстанға келетін туристерге, еңбек мигранттарына және шетелдік кәсіпкерлерге әсер етеді. Сондықтан елге сапар жоспарлаған азаматтар көші-қон талаптарын алдын ала тексеруі қажет.