«Екі мектеп, бір министрлік. Сонда мәселені шешуге не кедергі?» Қоғам белсендісі Аида Бұқаева Оқу-ағарту министрлігіне тікелей қарайтын екі білім ордасындағы жағдайды көтеріп, министр Жұлдыз Сүлейменоваға өткір сауалдар жолдады. Жазба астындағы пікірлерде де министрліктің жұмысына қатысты ащы сын айтылды, деп жазады Democrat.kz.
Facebook желісінде Аида Бұқаева Оқу-ағарту министрлігіне тікелей қарайтын Абай атындағы ұлттық мектеп пен Республикалық физика-математика мектебіндегі (РФММ) жағдайға қатысты жазба жариялады.
Автордың айтуынша, екі мектепте де шалғай ауылдардан келіп, интернатта тұратын балалар білім алады. Сондықтан олардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуы ерекше жауапкершілікті талап етеді.
Аида Бұқаева екі білім ордасындағы шешілмеген мәселелерге назар аударып, министрлік басшылығынан нақты жауап талап етті.
«Министрдің өзі екі рет барды. Нәтиже қайда?»
Қоғам белсендісінің айтуынша, Абай атындағы ұлттық мектепте басшылық мәселесі әлі шешілмеген.
«Абай атындағы ұлттық мектепте әлі күнге дейін директор жоқ. Министрдің өзі мектепке екі рет келіп, мәселелердің шешілетінін, кемшіліктердің түзетілетінін айтқан. Бірақ арада уақыт өтсе де, мәселе әлі шешімін таппай отыр. Министрдің жеке өзі келіп, жағдаймен танысқанына қарамастан, нақты нәтиже неге жоқ? Берілген уәделердің орындалуын кім бақылап отыр?» — деп жазды ол.
Автор екінші білім ордасы — РФММ-дегі оқушылардың жаппай сырқаттануына да тоқталған.
«Ақпарат құралдарында 47 баланың улануы туралы хабар тарады. Қазіргі уақытта мектептің жабылғаны айтылып жатыр. Бұл — жай ғана жаңалық емес. Бұл — балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты өте маңызды мәселе», — дейді Аида Бұқаева.
Ол екі мектептің де министрлікке тікелей бағынатынын атап өтіп, жауапты тұлғалардың нақты әрекеті мен ашық түсініктемесін талап еткен.
«Жұлдыз ханым өз құзыретін түк те қолданбай қойған»
Жарияланым астында білім саласындағы басшылықтың жұмысына қатысты өткір пікірлер жазылды.
«Жұлдыз ханым министр ретінде өз құзыретін түк те қолданбай қойған. Ғанидың жалғасы болды да қалды. Бір өңірге барса, тек конференция, семинар дегенге немесе мектеп ашуға ғана барады. Ал мұндай маңызды шешілуі керек шаруалар қалай тұр, солай қала беретін шығарды», — деп жазған пікір иелерінің бірі.
Бұл пікірде қазіргі министрдің жұмыс тәсілі бұрынғы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қызметімен салыстырылған.
Желі қолданушысы министрдің өңірлерге сапарлары мен түрлі іс-шараларға қатысуынан гөрі нақты мәселелерді шешуіне басымдық берілуі қажеттігін алға тартқан.
Алайда бұл — пікір авторының жеке бағасы.
«Мектеп әлі күнге дейін лицензиясыз»
Жазбаға пікір қалдырған тағы бір қолданушы Абай атындағы ұлттық мектептің құқықтық мәртебесіне қатысты мәселе көтерген.
«Абай мектебі әлі күнге дейін лицензиясыз, яғни заңсыз. Неше жылғы армандары — Абай мектебіне түсіп, бірақ жағдай болмаған соң, қанша оқушы ауылына қайтты? Оларды қайта неге алдыртпауға? РФММ мектебіндегі жағдай туралы белгісіз адамдар телеграмм каналда неге ақпарат таратқан соң ғана, ресми жауап берілді?» — деп жазған ол.
Пікір авторы министрліктің мектептердегі жағдайды басқару және ақпарат тарату жұмысына да күмән келтірген.
«Министрлік менеджменті қайда? Сонша жүз адам екі мектепте қалыпты оқу жағдайын жасай алмағанына не, кім кедергі?» — деген сауал қойған.
Абай мектебінің лицензиясына қатысты бұл мәлімдеме ресми құжаттармен расталмаған. Сондықтан оны анықталған заңбұзушылық ретінде емес, тексеруді қажет ететін шағым ретінде қарастыру керек.
«Жай мектептерді қайтеміз?»
Пікірталасқа қатысқан тағы бір қолданушы министрлікке тікелей қарайтын білім ордаларында осындай мәселелер туындаса, қарапайым мектептердегі жағдай қандай деген сауал көтерді.
«Барлық мектеп министрлік қарамағында. Егер министрліктің тікелей қарамағындағы мектепте жағдай мынадай болса, онда жай мектептерді қайтеміз? Мектептердегі суицид, өлім-жітім осы күнге дейін шешімін таппай келеді. Не боп кетті, өзі?» — деп жазған ол.
Бұл пікірде мектептердегі балалардың қауіпсіздігіне байланысты мәселелердің жүйелі түрде шешілу қажеттігі айтылған.
«Уәде емес, нәтиже керек!»
Аида Бұқаева жазбасының соңында министрлікке нақты сұрақтар жолдады.
Атап айтқанда, ол Абай атындағы ұлттық мектепке директордың қашан тағайындалатынын, министрдің мектепке екі рет барғаннан кейін қандай шешімдер қабылданғанын және олардың неге толық орындалмағанын сұрады.
Сондай-ақ РФММ оқушыларының сырқаттану себебі анықталды ма, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданды деген мәселелерді көтерді.
«Екі мектептегі жағдайға байланысты кім жауап береді және анықталған кемшіліктерді жою мерзімі қандай?» — деп сұрады қоғам белсендісі.
Ол министрлікке тікелей бағыну артықшылық қана емес, жауапкершіліктің де белгісі екенін атап өткен.
«Балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе үнсіз қалмауы керек. Уәде емес — нәтиже керек. Жиын емес — нақты шешім керек. Ең бастысы, балалардың амандығы мен болашағы бәрінен жоғары тұруы тиіс», — деп түйіндеді Аида Бұқаева.
Осылайша, әлеуметтік желідегі жазбада екі білім ордасындағы жағдай арқылы Оқу-ағарту министрлігінің басқару тиімділігі, берілген уәделердің орындалуы және оқушылардың қауіпсіздігі мәселелері көтерілді.

