Ресейлік танымал рэпер Navai Қазақстанда есірткі контрабандасына қатысты күдікпен қамауға алынды. Әнші Қырғызстаннан Қазақстанға кірген кезде ұсталған. Полиция оның көлігінен есірткі заты табылғанын хабарлады, деп жазады Democrat.kz.
15 қазанда Жамбыл облысының полиция департаменті Navai лақап атымен танымал ресейлік орындаушы Наваи Бакировқа қатысты сот шешімі шыққанын растады.
Әнші 13 қазанда Қырғызстаннан Қазақстанға кіріп келе жатқан кезде Қордай шекара өткізу бекетінде ұсталған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оның автокөлігін тексеру барысында есірткі заты анықталып, тәркіленген.
Оқиғадан кейін орындаушы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Кейін сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Бұқаралық ақпарат құралдарында оның екі айға қамауға алынғаны туралы мәлімет тарады.
Полиция тергеу Қазақстан Қылмыстық кодексінің есірткі заттарының контрабандасына және оларды заңсыз сақтауға қатысты екі бабы бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар Қырғызстанның Шекара қызметі де қызметтік тексеру бастады.
Ведомство әншінің «Ақ-Жол» өткізу бекетінен қалай өткенін анықтауға кіріскен.
Егер шекара қызметкерлерінің жұмысында заңбұзушылықтар анықталса, жауапты адамдарға тиісті шаралар қолданылуы мүмкін.
Navai 14 қазанда Астанада жеке концерт беруі тиіс болған.
Алайда концерт басталардан бірнеше сағат бұрын билет операторы іс-шараның өтпейтінін хабарлаған.
Көрермендерге билеттерін сатып алған платформалары арқылы ақшасын қайтару ұсынылды.
Әншінің ұсталуына байланысты оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
Дегенмен қамауға алу туралы шешім адамның қылмыс жасағаны дәлелденді дегенді білдірмейді.
Қазіргі уақытта Navai күдікті мәртебесінде. Оның кінәсі немесе кінәсіздігі сот талқылауының қорытындысында анықталады.