Шатыркөл-Жайсаң кластерін енді «Қазақмыс» тікелей басқарады

Шатыркөл-Жайсаң кластерін енді «Қазақмыс» тікелей басқарады

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мердігер ұйыммен келісімшарттың аяқталуына байланысты Жамбыл облысындағы Шатыркөл байыту фабрикасын тікелей өз басқаруына алды, деп хабарлайды Democrat.kz.

Корпорацияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі аталған өңірге арнайы барып, құрамына «Шатыркөл» мен «Жайсаң» кеніштері кіретін өндірістік нысандардың жұмысын тексерді. Ол байыту фабрикасын аралап көріп, вахталық кентте тұратын жұмысшылардың тұрмыс-тіршілігі мен тамақтану жағдайын бақылады.

Бұған дейін нысанды басқарып келген мердігер ұйыммен келісімшарт мерзімі аяқталғандықтан, енді кәсіпорын қызметін компания тікелей өзі қадағалайды. Осыған орай корпорация фабрикада істеп жүрген барлық қызметкерді еңбек заңнамасына сәйкес жеке тәртіппен жұмысқа қабылдап, олардың әлеуметтік кепілдіктерін толық сақтап қалуды жоспарлап отыр. Мамандардың жалақысы, өтемақылары, вахталық жұмыс кестесі мен тұрмыстық жағдайлары бұрынғы деңгейден төмендемейді.

«Бүгінде Шатыркөл фабрикасында еңбек етіп жүрген кәсіби ұжымды сақтау біз үшін аса маңызды. Бұл мамандар кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне қажетті тәжірибе мен білімге ие. Біз жұмыскерлердің жалақы деңгейін, әлеуметтік кепілдіктерді, вахталық кенттегі тұрмыс жағдайын және жұмыс тәртібін сақтай отырып, штатқа қабылдауға дайынбыз. Біздің міндетіміз – өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті сақтау және Шатыркөл-Жайсаң кластерінің тұрақты дамуын жалғастыру», - деді Руслан Өскенәлі.

Басшылықтың бұл шешімі өндірісті тоқтатпай, кадрлық әлеуетті сақтап қалуға және кәсіпорындағы әлеуметтік тұрақтылықты қолдауға бағытталған. Сонымен қатар бұл қадам технологиялық процесті тиімді басқарып, өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын күшейтуге мүмкіндік береді.

Барлық жаңалықтар