Әнші Бағлан Әбдірайымов әріптестерінің концертке сұрайтын гонорар көлеміне қатысты әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп жазады Democrat.kz.
Өнер иесінің сөзінше, бір концертке әнші шақырмақ болып, олардың бағасын сұраған кезде кейбір орындаушылардың 5 миллион теңге талап ететінін естіп, өзі таңғалған.
«Бір концертке әншілер шақырып берейін деп, гонорарларын естіп, өзім шошып кеттім. “5 миллион теңге” дейді. Ал мен болсам, 500 мың теңгені де дірілдеп, ұялып әрең сұраймын. Әркімнің өз бағасы бар ғой, бірақ осы тұста өзімді біртүрлі сезініп қалдым», – деп жазды әнші.
Жазба астында желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бір бөлігі өнер иелерінің еңбегінің өзіндік бағасы барын айтып, жоғары гонорар сұрауды қалыпты құбылыс деп бағалады.
Ал кейбір қолданушылар үш-төрт ән орындау үшін бірнеше миллион теңге сұрауды шамадан тыс деп санайтынын жазған.
Пікірлер арасында 2000-жылдардың ортасында танымал топтарды тойға шақыру құны бірнеше мың доллар болғанын еске алғандар да бар.
Бағлан Әбдірайымовтың жазбасы шоу-бизнестегі гонорар көлемі мен өнер адамының еңбегін бағалау мәселесін тағы бір мәрте талқыға шығарды.