"Шоуға айналған ата-аналар жиналысы": Бұған қашан тоқтау болады?

"Шоуға айналған ата-аналар жиналысы": Бұған қашан тоқтау болады?

«Балаңды дауысынан таны», «көзі байланған әке-шеше баласын тапсын», шай, тәтті, хат оқу, психологиялық ойын... Соңғы жылдары кей мектептердегі ата-аналар жиналысының осындай «креативті форматқа» ауысуы ата-аналар мен мұғалімдердің наразылығын туғызды. Жұрт жиналысқа ойын ойнау үшін емес, баласының оқу үлгерімі, тәртібі мен сыныптағы мәселелерін білу үшін келетінін айтып жатыр, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде Марат Қани есімді қолданушы ата-аналар жиналысының соңғы жылдары «шоуға» айналып бара жатқанын айтып, бұрынғы іскер форматқа қайта оралуды ұсынған.

Оның сөзінше, ата-аналар жиналысында баланың жазған хатын оқу, суреттен немесе дауысынан баласын табу, түрлі психологиялық ойын өткізу, шай дастарқанын жаю сияқты тәсілдер көбейген.

«Бір сәттік мотивация, кабинеттен шыққанша болатын мұғалімді қолдаудан басқа түк жоқ. Одан кейін баяғы жартас – сол жартас», – деп жазды ол.

Автордың жазбасы қызу талқыланып, көптеген ата-ана мен мұғалім бұл пікірді қолдаған.

«Жиналысқа баламның жағдайын білу үшін келемін»

Ата-аналардың негізгі талабы – жиналыстың нақты мәселеге құрылуы.

Бір ата-ана электронды жүйеден баласының бағасын толық көре алмайтынын, ал жиналысқа барғанда оқу үлгерімі мен тәртібінің орнына ойын ұйымдастырылатынын айтқан.

Тағы бір пікірде:

«Жиналысқа баланың үлгерімін естуге келесің. Соңында тренинг, психологпен ойын, қағаз қиып отырасың. Содан кейін барғың да келмейді», – делінген.

Кей ата-аналар бұрынғы форматты сағынатынын жасырмайды. Олардың айтуынша, мұғалім әр баланың оқу үлгерімі, тәртібі, сабаққа қатысуы мен сыныптағы жағдайы туралы нақты ақпарат берген жиналыс әлдеқайда пайдалы болған.

«Шай мен кәмпиттің астында не мән жатыр?»

Талқылауда жиналысқа дастарқан жаю мәселесі де көтерілді.

Ата-аналардың бір бөлігі мектептегі жиынға шай, кофе, тәтті тағам әзірлеудің қажеті жоқ деп санайды.

«Мектептің өз мәдениеті болуы керек. Ата-ананың алдына шай мен жеміс, тәтті қоюдың астында не мән жатыр? Нақты әр оқушының тәртібі мен үлгерімін талқылау керек», – деген пікір жазылған.

Тағы бір қолданушы «конфет пен тәттінің орнына балама бергенім дұрыс» деп пікір білдірген.

Мұғалімдердің өздері де «шоуға» қарсы

Пікірталаста мұғалімдер де үн қосты.

Бір сынып жетекшісі бес жыл бойы ата-аналар жиналысын кәдімгі жұмыс кездесуі форматында өткізіп келе жатқанын айтып, оған арнайы шоу жасауға уақыты да, ниеті де жоқ екенін жазған.

Тағы бір педагог:

«Сынып жетекші – клоун емес. Не айтылатынын, қанша минут алатынын алдын ала айтып шақырамын. Талдайтын мәселе болса, кейс түрінде талдаймыз. Компот-сампот таратып отыруды құп көрмеймін», – деген.

Мұғалімдердің кейбірі мұндай «креативті» жиналыстардың педагогке қосымша салмақ түсіретінін айтады. Дайындық жасау, материал әзірлеу, ата-ананы қызықтыру, дастарқан ұйымдастыру – бәрі сынып жетекшісінің уақытын алады.

«30 баладан 4-5 ата-ана ғана келеді»

Мәселенің тағы бір жағы – ата-аналардың жиналысқа қатысуы.

Бір мұғалім сыныптағы 30 оқушының ата-анасының арасынан кейде 4-5 адам ғана келетінін жазған. Сондықтан педагогтер ата-ананы мектепке тарту үшін жиналысты қызықты етуге тырысуға мәжбүр болатынын да айтқан.

Алайда жиналысқа аз адамның келуі мен оның ойын-сауық форматында өтуі екі бөлек мәселе екені пікірлерден байқалады.

Ата-аналардың көбі «қызықтыру» деген ұғым баласының жағдайы туралы нақты ақпараттың орнын алмастырмауы керек деген ойда.

«Күн тәртібі нақты болуы керек»

Пікірлердің басым бөлігін бір ғана ой біріктіреді: ата-аналар жиналысы нақты күн тәртібімен өтуі тиіс.

Оқу үлгерімі.

Тәртіп.

Сыныптағы ахуал.

Мұғалім мен оқушы арасындағы мәселе.

Қауіпсіздік.

Ата-ана мен мектептің шешуін қажет ететін нақты жағдайлар.

Желі қолданушылары ата-ананың уақытын алып, соңында баланың жағдайы туралы толық ақпарат бермейтін жиналыстың мәні жоғалып бара жатқанын айтып отыр.

Бір пікірде бұл жағдай қысқа ғана:

«Қазір мектеп цирк алаңына айналып бара жатыр», – деп сипатталған.

Әлеуметтік желідегі бұл пікірталас ата-аналар жиналысының формасы ғана емес, оның нақты мақсаты не болуы керек деген мәселені қайта көтерді.

Барлық жаңалықтар