Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары мектеп оқушыларына арналған дәптерлердің мұқабасындағы екіұшты қысқартуларды қызу талқылап жатыр. Бір топ мұны жастардың назарын аударуға арналған тапқыр жарнама деп бағаласа, ата-аналар мен мұғалімдердің бір бөлігі мұндай өнімнің бала тәрбиесіне кері әсер ететінін айтуда деп жазады Democrat.kz.
Даудың басталуына Threads желісіндегі @ualikhanism есімді қолданушы жариялаған суреттер себеп болды. Фотосуреттерден «Qazaq Бренд» белгісі қойылған дәптерлердің мұқабасына «ШШС», «СГЛ» секілді қысқартулардың ірі әріптермен жазылғанын көруге болады.
Мәселен, «ШШС» әріптерінің астына ұсақ қаріппен «Шыда, шырағым, сынақ қой» деген түсіндірме берілген. Алайда әлеуметтік желі қолданушылары бұл үш әріптің жастар арасында мүлде басқа, бейәдеп мағынада қолданылатынын алға тартты.
«СГЛ» қысқартуы да дәптер мұқабасында бейтарап сөйлеммен түсіндірілгенімен, көпшілік оны әлеуметтік желідегі тұрпайы сленгпен байланыстырған. Кейбір өнімдердегі өзге қысқартулар да осындай екіұшты әсер қалдырған.
«Креатив» пе, әлде балағат сөзді бүркемелеу ме?
Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бір тарап мектеп оқушылары пайдаланатын кеңсе тауарларына мұндай астарлы жазуларды орналастыруға болмайтынын айтып, өнімді саудадан алып тастауды талап етті.
«Мұны ешкім бақыламай ма?», «Балаларға арналған дәптерге осындай жазу қоюға қалай рұқсат берген?», «Бұл – креатив емес, әдепсіздікті қалыпты құбылысқа айналдыру» деген мазмұндағы пікірлер жазылған.
Ал екінші тарап дәптер дизайнын әзіл мен тапқырлыққа құрылған маркетингтік әдіс деп қабылдаған. Тіпті кейбір мұғалімдер мұндай дәптерді өздері де сатып алуға дайын екенін жазса, енді бір қолданушылар өнімнің қай жерде сатылатынын сұрай бастаған.
Түсіндірме жазу жауапкершіліктен құтқара ма?
Бұл жерде мәселе қысқартулардың ресми түрде қалай түсіндірілгенінде ғана емес. Өнімді әзірлеушілер жұрттың әлгі әріптерді қандай мағынада қабылдайтынын білмеуі екіталай. Керісінше, дизайнның бүкіл әсері дәл сол екіұштылыққа құрылғаны байқалады.
Яғни ірі әріппен бейәдеп сөзді еске түсіретін қысқартуды жазып, астына ұсақ қаріппен бейкүнә сөйлем орналастыру – кездейсоқ сәйкестік емес, тұтынушы назарын аударудың әдейі таңдалған тәсілі болуы мүмкін.
Маркетинг тұрғысынан мұндай әдіс өз мақсатына жетті. Бір ғана әлеуметтік желідегі жазбадан кейін дәптерлер туралы бірнеше ақпарат құралы жазып, өнім кеңінен талқылана бастады. Алайда жарнаманың нәтижелілігі оның қоғам алдындағы жауапкершілігін жоққа шығармайды.
Ересектерге арналған кәдесыйда немесе әзіл өнімінде қолданылатын тәсіл мен мектеп оқушысына ұсынылатын дәптердің дизайнына қойылатын талап бірдей болмауға тиіс. Балаға арналған өнім оның жас ерекшелігіне, тәрбиелік ортасына және тілдік мәдениетіне сай келуі қажет.
Отандық өнімді қолдау – өндірушінің кез келген әрекетіне көз жұма қарау деген сөз емес. Керісінше, ұлттық атауды пайдаланатын кәсіпорын қазақ тілінің қадірін кетірмей, оны тұрпайы сленгті бүркемелейтін құралға айналдырмауға жауапты.
Қоғамдық сыннан кейін өндіруші бұл дәптерлердің нақты қай жастағы тұтынушыларға арналғанын және мұндай дизайнды не себепті таңдағанын ашық түсіндіргені жөн. Өйткені балағат сөздің өзін жазбай, оның алғашқы әріптерін ғана көрсету – сол мағынаның қоғамға ықпалын жоймайды.