Танымал заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек шымкенттік құқық қорғаушыларға қатысты өз пікірін білдіріп, өңірдегі заңсыздықтарға қаланың бас прокурорын кінәлап, үндеу жасады деп жазады Democrat.kz.
"Неге Шымкент қаласында тек полиция департаментінің басшылары ғана бірінен кейін бірі қызметтен кетіп жатыр?
Ал заңдылықты қадағалауға тікелей міндетті Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов неге ешқандай жауапкершілікке тартылмайды?!
Қазақстанда заңдылықтың сақталуын қадағалайтын негізгі орган — Прокуратура емес пе?!
Шымкентте Прокуратураның келісімінсіз бірде-бір қылмыстық істің тіркелмейтіні ашық шындық.
Онда полиция қашаннан бері өз бетінше шешім қабылдайтын орган емес, тек тапсырма орындаушы құралға айналды?!
Егер шынымен әділет пен заң үстемдігін талап етсеңіздер, мәселені құр көрсетілім үшін емес, түбінен қопарыңдар!
Шымкентте қылмыстық істердің таңдамалы түрде, яғни «заказбен» қозғалатыны туралы қоғамда қалыптасқан күдік — жай әңгіме емес, жүйелі проблеманың айқын белгісі.
Мен өз құқығымның өрескел түрде тапталып жатқанын айтып, жылдар бойы барлық тиісті органдарға жүгініп келемін. Бірақ осы уақытқа дейін:
— заң бұзушылықтарға процессуалдық баға берілмеді,
— прокурорлық қадағалау шаралары қабылданбады,
— кінәлі лауазымды тұлғалар жауапқа тартылмады.
Бұл — кездейсоқтық емес, бұл — саналы әрекетсіздік.
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың көп жылғы үнсіздігі мен әрекетсіздігі азаматтардың конституциялық құқықтарының жүйелі түрде бұзылуына жол беріп отыр.
Мұндай жағдайда прокурор — заңның қорғаушысы емес, заңсыздықтың тасасында қалған тұлға ретінде бағалануы тиіс.
Егер заң бәріне бірдей болса, онда жауапкершілік те бәріне бірдей болуы керек!
Тек орындаушы полицияны құрбан етіп, ал заңдылықты қадағалауға міндетті прокурорды жауапсыз қалдыру — құқықтық мемлекеттің қағидаттарын ашық түрде аяққа таптау.
Сондықтан Президент:
— тек полиция басшыларын ғана емес,
— заңды қадағалауға міндетті бола тұра өз міндетін орындамаған,
— азаматтардың құқықтарының тапталуына жол берген
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановты да қызметтен алуы тиіс!
Заң — таңдаулы топқа емес, халыққа қызмет етуі керек.
Ал заңды қадағалаушы орган заңсыздыққа көз жұматын болса — бұл мемлекеттің өзіне төнген қауіп!"деп жазды заңгер.