Әлеуметтік желіде интимдік пластика жасатқан әйелдің басынан өткен жағдай қызу пікірталас тудырды. Шымкенттік гинеколог Айнұр Анваровна парақшасында оқырмандарының бірі жолдаған хатты жариялап, мұндай медициналық процедураларды тек тиісті білімі мен біліктілігі бар маманға жасату қажеттігін ескертті, деп жазады Democrat.kz.
Хат авторының айтуынша, ол тұрмысқа шығардан үш ай бұрын «ұзақмерзімді нәтиже береді» деген гименопластика жасатқан. Алайда неке түнінде операция жасалған аймақта асқыну болып, күйеуінің де жарақат алуына себеп болған.
Әйелдің сөзінше, процедура кезінде қолданылған тігіс материалы жыныстық қатынас барысында ер адамның жыныс мүшесін жарақаттаған. Осыдан кейін күйеуі операция жасалғанын байқап, отбасында үлкен жанжал басталған.
Жазба авторы сол сәтте күйеуінің ашуға беріліп, өзіне күш қолданғанын да айтқан. Оның сөзінше, оқиғаға үйдегі туыстар араласып, жағдай көпшіліктің көзінше үлкен дауға ұласқан.
Кейін әйелді төркіні алып кеткен. Ал күйеуінің отбасы тойға кеткен шамамен 10 миллион теңгені қайтаруды талап етіп отырғанын жазған.
«Енді тойдың ақшасын қайтар дейді. Болмаса соттаймыз деп отыр. Мұндай жағдайда заң бойынша не істеуге болады?» – деп сұраған әйел.
Ол медициналық қызмет көрсеткен мекемеге қатысты да шара қолдануға бола ма деген сауал қойған. Сонымен қатар болған жағдайдан кейін әкесінің денсаулығы сыр бергенін айтып, өзінің де ауыр психологиялық күйге түскенін жеткізген.
Хатта әйел бұған дейінгі жеке өміріне қатысты жағдайды да қысқаша түсіндіріп, өткенін отбасы мүшелеріне айтқысы келмегенін жазған.
Оқиғаны жариялаған гинеколог бұл жағдайды медициналық процедураны кім көрінгенге жасатудың қауіпті салдары ретінде бағалап, қыз-келіншектерді маман таңдауда сақ болуға шақырды.
«Қыздар, мұндай процедураны міндетті түрде білікті дәрігерге жасатыңыздар. Дипломы, тиісті дайындығы жоқ адамға барып, осындай жағдайға тап болып қалмаңыздар», – деді маман.
Жарияланған оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында медициналық жауапкершілік, интимдік пластиканың қауіпсіздігі және мұндай қызмет көрсететін мамандардың біліктілігіне қатысты жаңа талқылау туғызды.
Ескерту: жазба әлеуметтік желідегі оқырман хатына негізделген. Онда айтылған мән-жайлар мен медициналық мекеменің жауапкершілігі тәуелсіз түрде расталған жоқ.