Әлеуметтік желіде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бір сұхбатта былайғы жұрт біле бермейтін тілге қатысты айтқан сөздері қызу талқыға түсті деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тіліне қатысты айтқан ескі пікірі әлеуметтік желіде қайта тарады. Видеода ол ұзақ жыл орыс тілді ортада өмір сүргендіктен, ана тілінен алыстап қалған кезеңін еске алады.
"20 жыл бойы орыс тілді ортада жүрдім. Орыс тілінде білім алдым. 1990 жылдары қазақша сөйлей, жаза алмайтынмын. Сонда маған "Социалистік Қазақстан" газетін оқи берсең, қазақша үйреніп кетесің дегендер болды. Расымен де, сол газетті оқып, тілімді бұрап, қиналсам да, кейін қазақша қайта үйрендім", - дейді Назарбаев.
Назарбаевтың айтуынша, шамамен жиырма жыл бойы орыс тілді ортада жүріп, қазақша сөйлеу дағдысын едәуір жоғалтқан. Кейін қазақ тілін қайта меңгеру үшін арнайы ізденіп, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетін тұрақты оқыған.
Ол газет материалдарын дауыстап қайталап, сөз қолданысын, сөйлем құрау жүйесін және тілдік қорын қалпына келтіруге тырысқанын айтады. Осылайша күнделікті баспасөзді тіл үйренудің практикалық құралына айналдырған.
Экс-президенттің бұл сөздеріне қатысты жұрт "не десек те, мықты президент болды", "қазақ тілін үйрену қиын дегендер тыңдасын", "керек болса, адам үйреніп алады екен" дегенге саятын пікір жазуда.