Түркістан облысында тойдағы сөзі әлеуметтік желіде үлкен дау тудырған 66 жастағы ер адамға қатысты тергеу аяқталды. Оған әлеуметтік және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша іс қозғалып, материалдар сотқа жіберілді, деп жазады Democrat.kz.
Жетісайдағы тойда ер адам музыкаға, әншілерге және ерлер мен әйелдердің бірге отыруына қатысты сөз сөйлеген.
Ол әйелдерге қатысты кемсітуші сөз қолданып, әншілерді «шайтанның жаршылары» деп атаған.
Видео әлеуметтік желіге тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Оқиғаға мемлекеттік органдар мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері де пікір білдірген.
Түркістан облысының полициясы ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша тергеу жүргізді.
Бұл бап әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыруға қатысты.
8 қыркүйекте полиция тергеудің аяқталғанын және істің сотқа жіберілгенін хабарлады. Ер адамның кінәсін енді сот анықтайды.