Түркістан облысында ауыл шаруашылығына бөлінген 103 млн теңге мемлекеттік субсидияны жалған мәліметтер арқылы алған деген қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Тергеу нұсқасы бойынша бюджет ақшасы қолма-қол шығарылып, қатысушылардың жеке қажетіне жұмсалған, деп жазады Democrat.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, схемаға төрт жеке кәсіпкер мен екі ЖШС пайдаланылған. Компаниялар мен кәсіпкерлік субъектілері формалды түрде үшінші тұлғалардың атына рәсімделген.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер электрондық цифрлық қолтаңбалар, мөрлер және банк шоттарын басқаруға арналған сенімхаттар арқылы оларды іс жүзінде өздері бақылаған.
Ақпараттық жүйелерге ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу, олардың бар болуы және селекциялық жұмыстар жүргізу туралы жалған мәліметтер енгізілген деген күдік бар.
Осы ақпарат негізінде мемлекеттік субсидия алуға электрондық өтінімдер берілген.
АФМ келтірілген залалды 103 млн теңге деп бағалады. Сот санкциясымен екі тұрғын үйге, төрт автомобильге, автотұрақ орны мен жер учаскесіне тыйым салынды.
Күдіктілердің бірі қамауда, екіншісі кепілмен босатылған. Кінә мәселесін сот шешеді.