"Ұйқы жоқ": Бұлай жалғаса берсе, оқушылар сынып жетекшісіз қалады

"Ұйқы жоқ": Бұлай жалғаса берсе, оқушылар сынып жетекшісіз қалады

Қазақстан мектептерінде сынып жетекшісін табудың өзі күрделі мәселеге айналған. Ұстаздардың бұл міндетті атқарудан бас тартуының себебін түсіндірген білім саласының өкілі Юсуп Давлатов педагогтердің мойнындағы жауапкершілік пен оған төленетін қосымша ақының арасындағы үлкен айырмашылықты ашып көрсетті, деп жазады Democrat.kz.

Facebook желісінде Юсуп Давлатов «Неге ешкімнің сынып жетекшісі болғысы келмейді?» деген тақырыпта көлемді жазба жариялады.

Мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар, директор қызметтерін атқарғанын айтқан автор сынып жетекшілерін тағайындау білім беру ұйымдарының басшылары үшін ең күрделі мәселелердің бірі екенін жеткізді.

«Мектеп каталогы тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып та, мектеп директоры болып та жұмыс істеген жылдарымда бұл мәселені талай рет бастан өткердім. Шынымды сам айт, өз еркімен сынып жетекшілігін алуға ниет білдіретін мұғалімдер некен-саяқ», — деп жазды ол.

Автордың айтуынша, әсіресе, 5–11-сыныптарға жетекші тағайындау қиын. Мұғалімдердің басым бөлігі қосымша жауапкершіліктен бас тартуға тырысады.

«Сынып жетекшісі түнде де тыныш ұйықтай алмайды»

Юсуп Давлатов сынып жетекшісінің міндеті тек ата-аналар жиналысын өткізумен немесе оқушылардың сабаққа қатысуын қадағалаумен шектелмейтінін атап өтті.

Сынып жетекшісі әр баланың тәрбиесіне, тәртібіне, сабаққа қатысуына, кешігуіне, үлгеріміне, киім кию мәдениетіне және мінез-құлқына назар аударуға тиіс.

Сонымен қатар ата-аналармен байланыс орнатады, оқушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттейді, тәрбие шараларын ұйымдастырады, құжат толтырып, есеп береді.

Автор бұл жұмыстардың артында балалардың тағдыры мен қауіпсіздігіне қатысты үлкен жауапкершілік жатқанын айтады.

«Сынып жетекшісі кейде түнде де тыныш ұйықтай алмайтын шығар. Сыныбымда бір келеңсіз жағдай болмаса екен... Балалар төбелесіп қалмаса екен... Біреуге әлімжеттік жасалмаса екен... Қылмысқа араласпаса екен... Суицид деген аты жаман оқиғадан Алла сақтасын! деп іштей алаңдап жүретіндер аз емес шығар», — деп жазды ол.

«Балалар полицияның есебіне іліксе, мектеп үшін жақсы емес»

Жазба авторы мектеп басшылығында қызмет атқарған жылдары кездескен бір жағдайды да еске алды.

Оның айтуынша, кейде оқушылар арасындағы келеңсіз оқиғалар сабақтан кейін, мектеп аумағынан тыс жерде болғанына қарамастан, жауапкершілік мектеп басшылығы мен сынып жетекшісінен сұралады.

«Оқиға сабақтан кейін болса, неге мектеп жауап беруі керек?» — деп сұраған кезі де болыпты.

Алайда оған білім бөліміндегі әріптесі мектептің беделіне қатысты жауап берген.

«Ағай, қоя салыңыз, айтыспай-ақ түсініктемеңізді жазып беріңіз. Балалар полицияның есебіне іліксе, мектеп үшін де жақсы емес. Қай мектептен қанша бала есепте тұрғаны айтылады. Бұл мектептің рейтингіне де, сіздің имиджіңізге де әсер етеді», — деген екен.

Юсуп Давлатовтың пікірінше, мұндай жағдайда оқиғаның нақты себебі мен жауапты адамдарды анықтаудан гөрі мектептің көрсеткішін сақтап қалу маңыздырақ болып кетуі мүмкін.

4424 теңгеге қандай жауапкершілік жүктеледі?

Автор сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы көлеміне ерекше тоқталды.

Ол келтірген есеп бойынша, сыныпта 15 немесе одан көп оқушы болса, ай сайынғы қосымша ақы мынадай:

  • 1–4-сыныптарда — 8848 теңге 50 тиын;

  • 5–11-сыныптарда — 10 618 теңге 20 тиын.

Ал сыныптағы оқушы саны 15-ке жетпеген жағдайда төлем 50 пайызға қысқарады:

  • 1–4-сыныптарда — 4424 теңге 25 тиын;

  • 5–11-сыныптарда — 5309 теңге 10 тиын.

Автор бұл айырмашылықтың қисындылығына күмән келтіреді.

«Ойланып көріңізші: сыныпта бала саны аз болғанымен, сынып жетекшісінің жауапкершілігі екі есе азая ма? Балалардың қауіпсіздігі, тәртібі, сабаққа қатысуы, ата-анамен байланысы мен тәрбиесіне қатысты міндеттері жеңілдей ме?» — деп сұрайды ол.

Оның жауабы қысқа: «Әрине, жоқ!»

«Көңілі қаламаған адамның жұмысы формалды сипат алуы мүмкін»

Юсуп Давлатов сынып жетекшілігінен бас тартқан мұғалімді бірден кінәлауға болмайтынын айтады.

«Оның өз пәнінен беретін сабағы, дайындайтын оқушысы, тексеретін дәптері, толтыратын құжаты, отбасы мен жеке өмірі бар», — деп жазады ол.

Автордың пікірінше, сынып жетекшілігін мұғалімге мәжбүрлеп жүктеудің де тиімділігі күмәнді.

«Көңілі қаламаған адамның жұмысы кейде формалды сипат алуы мүмкін», — дейді ол.

Сондықтан сынып жетекшісінің еңбегін бағалау мәселесін қайта қарау қажет деп есептейді.

Сынып жетекшілерінің жағдайын қалай жақсартуға болады?

Юсуп Давлатов мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды.

Біріншіден, сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақыны едәуір арттыру керек деп санайды.

Екіншіден, сыныптағы оқушы саны 15-ке жетпегені үшін төлемді екі есе қысқарту тәртібін қайта қарауды ұсынады.

Үшіншіден, сынып жетекшісінің міндеттері мен өкілеттіктерін нақтылап, мектептің, ата-ананың және өзге де жауапты тараптардың арасындағы жауапкершілік шекарасын айқындау қажет екенін айтады.

Төртіншіден, педагогтерді қағазбастылықтан босатып, балалармен тікелей тәрбие жұмысын жүргізуге көбірек уақыт беру маңызды деп есептейді.

«Сынып жетекшісі — мектептегі жай ғана ұйымдастырушы емес. Ол — бала мен мектептің, бала мен ата-ананың арасындағы алтын көпір», — деп жазды автор.

Юсуп Давлатов сынып жетекшілерінің жағдайын жақсарту тек жалақыға қатысты мәселе емес екенін атап өтеді. Оның пікірінше, педагогтің атқаратын жұмысы мен жауапкершілігіне лайықты жағдай жасалуы қажет.

Ол жазбасын ұстаздарға арнаған тілекпен аяқтады:

«Барлық сынып жетекшілеріне төзім мен сабыр тілеймін! Еңбектеріңіз еленіп, мәртебелеріңіз биіктей берсін!».

 

Барлық жаңалықтар