Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінде жоғалған екі балықшыны іздеу операциясы аяқталды. Құтқарушылар бір апта ішінде 63 рет су астына түсіп, дрондармен көл аумағын тексерген, екі ер адам да қаза тапқан, деп жазады Democrat.kz.
Екі ер адам 22 қыркүйекте Күршім ауданының Балықшы ауылдық округінен Зайсан көліне балық аулауға шыққан.
Олар қайтып оралмаған соң ТЖМ іздеу-құтқару операциясын бастаған. Оған жергілікті тұрғындар да өз қайықтарымен қосылды.
Іздеудің алғашқы күнінде жағадан шамамен 3–4 шақырым жерде суға батқан қайық табылды.
29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар 2001 жылы туған ер адамның денесін анықтады.
30 қыркүйекте құтқарушылар 1979 жылы туған екінші балықшының денесін судан шығарды.
Операция барысында сүңгуірлер 63 рет су астына түсті. Жағалау мен көл акваториясы тексеріліп, іздеуге ұшқышсыз аппараттар пайдаланылды.
Жұмыс қатты жел, толқын және іздеу аумағының үлкен болуына байланысты күрделі жағдайда өткен.