Заңды демалыстағы ұстазға да тыныштық болмай тұр

Заңды демалыстағы ұстазға да тыныштық болмай тұр

Белсенді педагог Ақылбек Ибраев мектептерде жүріп жатқан заңсыздықтар туралы айтып, жазба жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.

"Құрметті әріптестер, ата-аналар және білім беру саласына бейжай қарамайтын барша азаматтар! Соңғы күндері мектептерде жүріп жатқан құжаттық тексерулер, бұйрықтарға сай есептер, қауіпсіздік жоспарлары, буллингке қарсы кейстер, тәрбие жұмыстары, журналдар, жоспарлар және тағы басқа толассыз талаптар мұғалімдердің қажуын, шаршауын үдете түсті. 377, 748, 506, 170, 398 – әрқайсысы өз алдына бір-бір жүйе. Ал осының бәрін мектептің бір мұғалімі не бір тәрбие орынбасары арқалап жүр. Мұғалімдер жазғы демалысқа шыққанымен, «Кел, қол қой», «Тапсыр», «Алып бар» деген қоңыраулар тоқтамайды. Ең сорақысы, бұл жолғы тексерулерге құзырлы орган – прокуратура да кірісті. Демалыстағы ұстаздардан құжаттар талап етіліп, мектеп директорларына чат арқылы тапсырма беріліп, олар орынбасарларға қысым көрсетіп, «кел, ретте» деп шақыруда. Сонда сұрақ: Прокуратура ұстаздың құқығын қорғай ма, жоқ па? Егер құзырлы орган осылай жасаса, қалғанынан не үміт, не қайыр? Білім берудің сапасы – тек қағаз санымен емес, – сапалы жұмыс, – тыныш орта, – сенімді қарым-қатынаспен қалыптасады. Біз білім беру жүйесін қағазбастылықтан: – шығармашылыққа, – сенімге, – нақты нәтижеге бағыттауымыз керек емес пе? Бір мұғалім – екі емес, бір ғана адам. Ол – тәлімгер, тәрбиеші, психолог, хатшы, есепші, диспетчер, ұйымдастырушы, ал кейде техник те... Талап – орынды болсын. Тексеру – жүйелі болсын. Жауапкершілік – біржақты емес, ортақ болсын! Ұстаз – шаршамауы тиіс, Ұстаз – шығармашылығынан айырылмауы тиіс, Ұстаз – тыныштықта еңбек етуі тиіс! Бүгінгі таңда мұғалімнің демалысы – аты бар, заты жоқ. «Құжатты ретте, журналды дайында, алып бар» деген бұйрықтар демалысты келесі тоқсанға дайындық ретінде көреді. Құрметті Білім басқармалары прокуратура мен басқа да құзырлы органдар! Ұстаздың да құқығы, қадірі бар! Мұғалімнің еңбегі – демалыспен де, тыныштықпен де өлшенеді. Соны ескеретін уақыт жетті. Ұстаз – мемлекеттің тірегі. Ол шаршаса – ұлттың болашағы әлсірейді" деп жазды Ақылбек Ибраев. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар