Алматы облысында көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа үкім шықты. Схемаға полиция қызметкерлері, арнайы ХҚКО мамандары мен нотариустар қатысқан, ал мемлекет төленбеген алымдардан 6,6 млрд теңгеден астам қаражат жоғалтқан, деп жазады Democrat.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық схема шамамен екі жыл жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде топ мүшелері Қазақстанда 851 көлікті белгіленген талаптарды айналып өтіп тіркеуге қойған. Алғашқы кезеңде техникалық регламент талаптарын бұзып әкелінген 642 жүк көлігі заңсыз есепке алынған.
Кейін топ жеңіл автокөліктерге көшкен. Бұл жерде «егіздерді тірілту» тәсілі қолданылған: елге заңсыз әкелінген көліктерге Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған басқа машиналардың VIN-кодтары берілген. Осы жолмен тағы 209 автомобиль тіркелген. Тергеу мәліметінше, схемаға полиция қызметкерлері, арнайы ХҚКО жұмысшылары және жеке нотариустар көмектескен. Олар ақпараттық жүйелерге жалған деректер енгізіп, көліктерді басқа адамдардың атына рәсімдеуге қажетті құжаттарды дайындаған.
Төленбеген бастапқы тіркеу алымының көлемі 5,4 млрд теңге, утильалым 1,2 млрд теңге болған. Кейін көлік иелері бастапқы тіркеу төлемдерін өз еркімен төлеп, мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сот 17 адамды кінәлі деп танып, олардың рөліне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Бес автомобиль тәркіленді, төрт бұрынғы полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.