Қазақстандық әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желіде әкесімен арадағы қарым-қатынасы туралы сыр бөлісіп, көпшілікке жүрекжарды үндеу жасады деп жазады Democrat.kz.
Өнер иесі бала кезінде ата-анасының екі жаққа кеткенін айтып, арада ондаған жыл өткен соң әкесімен қайта қауышқанын жеткізді.
«Менің өмірім сіздердің көз алдарыңызда өтіп жатыр. 4-5 жасар бала күнімде ата-анам екі жаққа кетті. Мұны "артық драма" дерсіз, бәлкім. Бірақ арада 40 жыл өткенде, мен әкеммен қайта қауыштым. Әкеммен кездесіп, сөйлесіп келген соң, анамды келіп, құшақтап, өкіріп жыладым. Анамның омырауын ашып, иіскеп, тоқтамай жыладым. Сол сәтте ғана екі қанатым түгенделіп, жүрегім толыққандай күй кештім», – деп жазды Айгүл Иманбаева.
Сондай-ақ ол ата-анасымен арада өкпе-реніші бар жандарға кеш болмай тұрғанда татуласуға кеңес берді.
«Егер сіздің де басыңызда осындай өкініш пен өкпе болса, менің тағдырым сізге сабақ болсыншы. Кеш болмай тұрғанда, ата-анаңыздың көзінің тірісінде жүректегі өкпені жіберіп, кешіріңіз. Кешірім сұрап та үлгеріңіз. Себебі шынайы кешірім, адамға шексіз бақыт пен жан тыныштығын сыйлайды», – деді әнші.