Әлеуметтік желіде кәмелеттік жасқа толмаған қыз әкесі мен шешесі хиджабты шештірмеу үшін қысым жасап жатқанын айтып, қызу талқыға түсті деп жазады Democrat.kz.
"Хиджабымды шешкім келеді. 9 жасымда әкем мен шешем тақтырып еді. Хиджабты шешкім келетінін шешеме айтып едім, қатты ренжіп, егер хиджабты шешсең, үйден кететінімді ескертті.
11 сыныпта оқимын. Шешемнің бұл реніші аздай, әкеңе айтам деп қорқытуда. Әкем діни фанатик. Мен хиджабымды шешсем, екеуі де мені жек көріп, бетмді көрмей кете ме деп қорқамын.
Оқуымды бітірген соң, хиджабымды шешсем де, әке шешеме қаржылай тәуелдімін. Жеке пәтерге шығып кетуге ақшам жоқ. Не істерімді білмеймін.
Бұл хиджабты әкем мен шешемнің қысымымен тағып жүрмін. Ал әкем мен шешеме жұрттың сөзі маңызды. Мен ғана емес, біздің ортада көп қыз осындай қысымның кесірінен хиджаб тағуға мәжбүр екенін жұрт біле бермейді" деп жазған swan.7724660 парақшасының иесіне пікір білдірген мыңдаған оқырманы өз басынан өткен осындай жағдайларды да баяндады.
"Мені де солай тоғыз жасымда қинап, хиджаб кигізіп, ораза тұтқызды. 16 жасымда колледжге оқуға түсіп, үйден кеткен күні діни ұстанымымның бәрін тастадым", "әкесі, ағасы, шешесінің қысымымен оранған қыз өте көп", "кәмелеттік жасқа жетпеген баланың 99 пайызы әкесі мен шешесінің қысысымен ораза ұстап, хиджаб киіп жүр ғой. Әйтпесе баланың дінмен не ісі болсын" дегенге саяты пікір жазған жұрт біздегі кей діндарлардың тым асыра сілтеп жатқанын жасырмады.
Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.