Қазақстанда жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға коммуналдық қордан тұрғын үй беру мен оны бөлу тәртібі жаңартылды. Жаңа қағида өтініш беруден бастап жаңа пәтерді рәсімдеуге дейінгі процесті белгілейді, деп жазады Democrat.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің №420 бұйрығына 25 тамызда қол қойылған.
Жаңа тәртіп бойынша жалғыз тұрғын үйі ресми түрде апатты деп танылған азамат әкімдікке өтініш береді.
Өтінішпен бірге өзінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттарының көшірмелері ұсынылады.
Әкімдік азаматтың тұрғын үй жағдайын және апатты үйге меншік құқығын тексереді.
Осыдан кейін азаматқа коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана бөлу мәселесі қарастырылады.
Ереже апатты үйлердің тұрғындарын көшіру кезінде баспананы кім және қандай негізде алатынын біріздендіруге бағытталған.
Жаңа механизм әсіресе жалғыз жылжымайтын мүлкі тұруға жарамсыз деп танылған отбасылар үшін маңызды.