Әлеуметтік желіде бір мектептің мұғалімдерге қағаз, қалам, маркер, қайшы, скотч секілді кеңсе тауарларын тегін бергені көрсетілген видео қызу талқыланды. Бір қарағанда қалыпты нәрсе сияқты. Алайда пікірлерден Қазақстандағы көптеген мұғалімнің тіпті А4 қағазын да өз ақшасына сатып алатыны байқалады, деп жазады Democrat.kz.
«Менің мектебім мұны көрсе, жасанды интеллект деп ойлайды», «15 жылдық еңбек өтілім бар, бір қалам алып көрмеппін», «Бізге А4 қағазын да бермейді», «21 жыл жұмыс істедім, мұндайды түсімде де көрген жоқпын» деген пікірлер көп жазылған.
Ал кейбір педагогтер керісінше өз мектептерінде кеңсе тауарлары берілетінін айтқан.
«Мемлекеттік мектепте істеймін. Бізге де береді», – деп жазған алматылық мұғалімдердің бірі.
Тағы бір педагог бұрын мектепте дәл осындай жиынтықтар таратылғанын, қазір негізінен ақ қағаз ғана берілетінін жеткізген.
Осы пікірлерден бір нәрсе анық байқалады: мемлекеттік мектептердегі жағдай біркелкі емес.
Заң не дейді?
Қазақстан заңнамасында «мұғалімге жылына осынша қалам, осынша маркер, бес бума А4 қағазы берілуге тиіс» деген жеке норма жоқ.
Бірақ бұл мектеп мұғалімге жұмысқа қажетті құралдарды мүлде бермеуге құқылы деген сөз емес.
Қазақстанның Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерді еңбек міндеттерін орындауға қажетті жабдықпен, құралдармен, техникалық құжаттамамен және өзге де қажетті құралдармен өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге міндетті.
Ал «Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабында жұмыс берушінің педагогке кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін тиісті жағдай жасауға міндетті екені көрсетілген. Бұған қоса педагогке тауарлар мен қызметтерді сатып алу міндетін жүктеуге жол берілмейді.
Демек, мәселенің түйіні осында.
Егер А4 қағазы, маркер, бор, принтерге қажетті материал немесе өзге құрал мұғалімнің еңбек міндетін орындауы үшін қажет болса, оны тұрақты түрде педагогтің өз қалтасынан сатып алуы қалыпты жағдай деп саналмауы тиіс.
Бірақ бір маңызды айырмашылық бар
Заң мектеп әр педагогке әлеуметтік желідегі видеодағыдай толық «сыйлық жиынтығын» міндетті түрде таратуы керек деп айтпайды.
Яғни түрлі түсті қалам, сәндік қағаз, степлер, желім, қайшының нақты саны заңмен белгіленбеген.
Мектеп қызметкерді жұмысын орындауға объективті түрде қажетті құралдармен қамтамасыз етуге тиіс. Ал оның қандай құрал екені мұғалімнің атқаратын жұмысына, мектептің ішкі ұйымдастыруына және қажеттілікке байланысты анықталады.
Сондықтан мұғалімнің жеке шығармашылық жұмысына сатып алған затымен, мектеп тапсырмасын орындау үшін міндетті түрде қажет материалды ажырату керек.
Бірақ «принтерге қағаз жоқ, өзің сатып ал», «сабақ өткізу үшін маркерді өзің әкел» деген жағдай жүйелі сипат алса, мұнда жұмыс берушінің міндеті туралы сұрақ қоюға толық негіз бар.
Мұғалімдер неге таңғалып отыр?
Ең ойландыратыны – кеңсе тауарлары берілген мектепті көрген көптеген педагог мұны ерекше жағдай ретінде қабылдаған.
Бірі:
«Осының өзі керемет емес пе? Негізі мемлекеттік мектептерде бермейтін», –
десе, енді бірі:
«Біз өзіміз сатып аламыз, тіпті А4 бермейді», –
деп жазған.
Ал шын мәнінде еңбекке қажетті қарапайым құралдың берілуі мұғалім үшін «сыйлық» емес, еңбек жағдайын қамтамасыз етудің бір бөлігі болуы керек.
Сондықтан мәселе мұғалімге әдемі қораппен кеңсе тауарын таратуда емес.
Негізгі сұрақ басқа:
мемлекеттік мектеп педагогті өз жұмысын атқаруға қажетті қарапайым құралдарға өз қалтасынан ақша шығаруға мәжбүрлеп отыр ма, жоқ па?
Егер мұғалім сабақ өткізуге, құжат дайындауға немесе мектеп тапсырмасын орындауға қажетті заттарды үнемі өзі сатып алып жүрсе, бұл мәселені мектеп әкімшілігімен ғана емес, құрылтайшымен және білім басқармасымен де көтеруге негіз бар.
Дайындаған Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.