Әлеуметтік желіде жаназа шығарған молданың 40 мың теңге алғаны, кейін марқұмның туыстарынан тағы бір қара мал сұратқаны туралы жазба жұртты дүрліктірді. Бірі мұны «дінді табыс көзіне айналдыру» деп сынаса, енді бірі жаназа шығару да шығын екенін айтып, имамдарды түгел айыптауға болмайтынын жазды, деп жазады Democrat.kz.
Әңгіме Threads желісіндегі бір азаматтың жазбасынан басталған.
Оның айтуынша, осыдан үш ай бұрын 95 жастағы әжесін жерлеп, барлық салт-жоралғыны жасап, жаназа шығарған молдаға 40 мың теңге берген.
Алайда арада біраз уақыт өткен соң әулеттің қариясына молданың сөзі жеткізілген.
«Апа сонда ана өмірге жаяу кете ме?» – деген екен молда.
Жазба авторының айтуынша, бұл сөздің астарында тағы бір «қара» беру керектігі жатқан. Сөйтіп, сол күні кешке молданың үйіне бір тайынша апарып берген.
Осы жағдайдан кейін автор:
«Құнарлы жерде мал семіреді,
Құранды жерде молда семіреді»,
деген мақалды еске алғанын жазды.
Жазба аз уақыт ішінде қызу талқыға түсіп, жүздеген пікір жиналды.
«Аңқау елге – арамза молда»
Пікір білдірушілердің бір бөлігі мұндай әрекетті ашық сынады.
Желі қолданушыларының бірі:
«Аңқау елге, арамза молда»,
деп жазса, екіншісі:
«Аңқау елге алаяқ молда»,
деген пікір қалдырған.
Тағы бір қолданушы жаназа шыққан сайын әр отбасынан мал алу қалыпты жағдайға айналса, оның соңы үлкен мәселеге ұласатынын айтып:
«Сонда әр ауылда адам қайтыс болып, жаназасын шығарған сайын мал алып отыра ма?» – деп сұрақ қойған.
Ал жазба авторы оған:
«Мақтаныш көретіндері жылқы атайды екен», – деп жауап берген.
«Әжем қайтыс болғанда 60-70 мың теңге сұрады»
Талқылауға қатысқан тағы бір азамат өз басынан өткен жағдайды жазды.
Оның сөзінше, әжесі қайтыс болған кезде молдаға берілетін ақы 60-70 мың теңге шамасында болған.
Ол:
«Әжемді шығарған күні кешке атам қайтады. Әжемнің жетісін өткізіп, үші мен жетісін бірге жасап жатқанда молда садақада отырып, кейіннен тағы адам шығардым ғой, анау мынаны қосып, тағы 60-70 мың беремін деді», – деп жазған.
Бұл пікірге жауап берген жазба авторы:
«Мен ойлаймын да, шамасы жетпейтін жоқ адамдар не істейді сонда?» – деген сауал көтерген.
Осы сұрақ талқылаудың ең маңызды тұсына айналды.
Өйткені бірнеше адам «өлім-жітімнің өзі қымбаттап кетті» деген пікір білдірді.
«Өлуге де ақша керек болып қалды ма?»
Желі қолданушыларының бірі:
«Түсінбедім, сонда жаназа оқуға 40 мыңнан беріле ме? Тағы тайынша сұрауы тіпті шок. Өлуге де ақша керек болып қалды ма сонда?» – деп жазған.
Оған автор:
«Бай болсаң малыңды шашамын, жоқ болсаң артыңды ашамын деген осыдан қалған», – деп жауап берген.
Бұл пікір де қолданушылар арасында қызу талқыға түскен.
Атырауда жағдай басқаша екені айтылды
Барлық өңірде бірдей жағдай емес екенін жазғандар да бар.
Атырау облысының тұрғыны:
«Біздің Атырау жақта мал беру жоқ молдаға, 20 000 бердік, сонымен тәмам», – деп пікір қалдырған.
Тағы бір қолданушы ауылдағы мешітте қызмет еткен туысы туралы:
«Інім Нұрмүбәракты бітіріп, ауылға қайтты. Құран оқытуға шақырғанда қолына ақша ұстатса да алмайтын. Мешітте балаларды оқытқан, оған да ақша алмады. Бірақ ол барда балалар Құран үйреніп, мешітке адам жиналып, ауылдың берекесі кіріп қалған», – деп жазған.
Яғни жұрттың бәрі имамдарды бірдей кінәлап отырған жоқ.
«Имамға ақы беру дұрыс, бірақ ставка қою дұрыс емес»
Пікірлер арасында мәселені байыппен түсіндіруге тырысқандар да кездесті.
Бір қолданушы Татарстандағы тәжірибені мысалға келтіріп:
«Молдалар жаназа шығарғаны үшін де, асқа келіп Құран оқығаны үшін де ақша алмайды екен. Оларға мешіт айлық төлейді. Бізде айлық төлемейтін шығар, сондықтан отбасы асырау үшін осылай ақша алады. Бірақ ставка сұрау ұят нәрсе. Адамдар өз жағдайына қарай береді ғой», – деп жазған.
Тағы бір пікірде:
«Жаназа болса бәрі шығын. Көр қазатындар ақша алады, мата аласың, басқа да шығын бар. Молдаға берген ақыны ғана неге айтады?» – деген уәж айтылған.
Бұл пікірдің де жаны бар.
Өйткені жаназа рәсімі кезінде түрлі қызмет пен қажеттілікке қаржы жұмсалатыны белгілі.
Алайда жұрттың наразылығын туғызған негізгі мәселе – алдын ала белгіленген ақы немесе мал талап ету.
Бұрын мұндай болмағанын айтқандар көп
Кейбір қолданушылар бұрынғы ауыл молдалары мұндай талап қоймағанын еске алды.
Бір азамат:
«Мен молдасы көп ауылда өстім. Бала күнімнен барлық салтты көрдім. Ол кезде молдаға мал тұрмақ, ақша берудің өзі жоқ болатын», – деп жазған.
Тағы бір тұрғын Қонаев кезіндегі ауыл өмірін еске алып:
«Ауылымызда молда болмады. Әжем қайтқанда көрші Мұса ағай мұсылман кәделерінің бәрін жасап, ақтық сапарға аттандырды. Ешкімнен көк тиын сұрамады», – деген.
Имам болған азамат не дейді?
Пікірлер арасында өзін 10 жыл имамдық қызмет атқарғанын айтқан азаматтың сөзі де назар аудартады.
Ол:
«10 жыл имамдық қызметте талай жаназаға қатыстым. Бірақ “ана өмірге жаяу кетеді ме?” деген сөзді білікті имам ұстаздардың айтатын сөзі емес. Қара не мал сұрау дегенді көрмеппін де, өзім де сұрамаппын. Дінді дүние табудың құралына айналдырмасақ екен», – деп жазған.
Бұл пікір талқылаудағы ең салмақты уәждердің бірі болды.
Өйткені мәселе «молдаға мүлде ақы беруге бола ма?» дегеннен гөрі, діни рәсімді міндетті тарифке немесе мал сұрауға айналдыру қаншалықты дұрыс? деген сұраққа тіреліп тұр.
Мәселе тек 40 мың теңгеде емес
Осы пікірталастың астарында әлдеқайда үлкен мәселе бар.
Қазақ қоғамында өлім-жітімге байланысты шығын онсыз да аз емес. Жерлеу, ас беру, құдайы тамақ, мал сою, дастарқан жаю секілді дәстүрлер отбасыға үлкен қаржылық салмақ түсіреді.
Егер оған жаназа шығару үшін міндетті ақы, тіпті мал беру секілді талаптар қосылса, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы не істейді?
Жазба авторының:
«Шамасы жетпейтін жоқ адамдар не істейді?» – деген сұрағы сондықтан өте орынды.
Мұнда бір имамның немесе бір ауылдың әрекеті арқылы бүкіл дін қызметкерлеріне баға беру дұрыс емес.
Бірақ жаназа секілді адам өміріндегі ең ауыр сәтте қайғы жамылған отбасының қалтасына қарау, нақты «ставка» белгілеу немесе мал сұрау расында бар болса, бұл қоғамда ашық талқылануға тиіс мәселе.
Өйткені жаназа – сауда емес.
Ал дінге деген сенім адамның материалдық жағдайына тәуелді болмауға тиіс.