Пәкістандағы аурухана өртінде 14 жаңа туған сәби қаза тапты

Пәкістандағы аурухана өртінде 14 жаңа туған сәби қаза тапты

Исламабадтағы ірі мемлекеттік аурухананың перзентхана бөлімінде шыққан өрт кемінде 14 жаңа туған сәбидің өмірін қиды. Алдын ала болжам бойынша, өрт нәрестелер палатасындағы кондиционер компрессоры жарылғаннан кейін басталған, деп жазады Democrat.kz.

Қайғылы оқиға 26 тамыз күні таңертең Пәкістан медицина ғылымдары институтының ауруханасында болған.

Өрт ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің үшінші қабатында шыққан.

Құтқарушылардың алдын ала мәліметі бойынша, жергілікті уақытпен сағат 06:45 шамасында жаңа туған балалар палатасындағы кондиционер компрессоры жарылған болуы мүмкін.

Өрт салдарынан кемінде 14 сәби қаза тапты. Кемінде бір нәрестенің құтқарылғаны хабарланды.

Полиция кейбір сәбилердің денелері қатты күйгендіктен, олардың жеке басын анықтау үшін ДНҚ сараптамасы қажет екенін мәлімдеді.

Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, өрттің себептерін дереу тергеуді тапсырды.

Пәкістанда ірі ғимараттардағы өрттердің жиі қайталануына құрылыс және өрт қауіпсіздігі талаптарының жеткілікті орындалмауы себеп болып отырғаны айтылады. 

Барлық жаңалықтар