Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров өзін аралас жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы деп атайтыны белгілі. Белгілі журналист Гүлбану Әбенова оның чемпиондығына күмән келтіріп, спорттық карьерасына талдау жүргізіп көрді деп жазады Democrat.kz. сайты b1rinshibol-ға сілтеме жасап.
Нәтижесін өзінің Facebook-парақшасында жазған.
Ендеше журналист жазбасын толықтай назарыңызға ұсынамыз.
Ардақ Назаров бүкіл жерде өзін 3 дүркін Әлем чемпионымын деп таныстырады. Және көп сұхбаттарында ешқашан жеңілмегенмін, 2 рет қана тең түскенмін дейді. Бұл расында солай ма?
Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін, ашық дерек көздеріне жүгінейін. Әлемдік аралас жекпе-жек лигаларының жекпе-жектерінің есебін жүргізетін, солар басшылыққа алатын әлемдік Tapology.com мен Sherdog.com сайттарынан Ардақ Назаровтың жекпе-жек рекордтарына көз жүгіртейік.
Оған көз салсақ, кейіпкеріміз - 20 рет жеңіп, бақандай 3 рет ұтылып, 1 ретінде ғана тең түскен.
ЕНДІ ҚЫЗЫҚ ФАКТІЛЕРГЕ ТОҚТАЙЫҚ.
Депутат Назаров - 2005 жылы Кореяда Әлем чемпионы болдым дейді. Әлемдік сайттардың статистикасы бойынша 2005 жылы Назаров (рекорды 15-1) Du Hyung Kim (5-1) деген спортшымен жекпе-жекке шығып, бірінші айналымда-ақ төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңіліп, үйге қайтқан.
Ол турнирде одан басқа 2 қазақ Төлеген Ақылбеков пен Дәнеш Дүнгенбаев, қырғызтандық Замир Сырғабеков пен қазіргі UFC чемпионы Валентина Шевченколар жеңіске жеткен.