Елорда төріндегі «Barys Arena» кешенінде Counter-Strike 2 ойынынан басталған «PGL Astana 2026» халықаралық турнирінің алғашқы күнін 7 мыңға жуық жанкүйер тамашалады, деп хабарлайды Democrat.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, дүбірлі дода тұрғындар мен меймандардың үлкен қызығушылығын тудырып, ел-жұртты елең еткізді. Трибунаға жиналған қауым жарыс жолына шыққан киберспортшылардың әр қадамын қызу қолдап, айрықша көңіл-күй сыйлады. Тартысты бәсекеге әлем чемпиондары Дәурен Қыстаубаев пен Габриель Толедо, белгілі стример Слава Бустер және турнир жүргізушісі James Banks арнайы қонақ ретінде ат ізін салды.
Ал қазақстандық ойыншы Даниил Голубенко «FURIA» командасының сапында өнер көрсетіп, ширек финалда жарысты аяқтады.
Бүгін, 16 мамырда ауқымды іс-шараның екінші күні жалғасып жатыр. Жартылай финалға жолдама алған «MOUZ», «Team Spirit», «Magic» және «Falcons» ұжымдары келесі кезеңге өту үшін сағат 15 және 19-да шешуші матчтар өткізеді.
«Аренадағы атмосфера керемет болды, киберспорт төңірегінде мұндай үлкен қызығушылықты көптен бері көрмеппін. Көрермендер командаларға қолдау білдіріп, ұрандап, әрбір раундқа шынайы жанкүйер болды», – деді турнир қонақтарының бірі.
Ұйымдастырушылар мен сарапшылар мұндай жарыстар елімізде оқиғалық туризмді дамытып, Астананың халықаралық алаң ретіндегі мәртебесін бекемдей түсетінін алға тартты.
Шетелдік меймандар да жарыстың жоғары деңгейде өткенін және инфрақұрылымның заманауилығын жоғары бағалады. Халықаралық жарыстың бас жүлдесі 17 мамыр күні өтетін ақтық кездесуде сарапқа салынады.