Астанада тұрғын үйде шыққан өрттен үш баласынан айырылып, өзі ауыр жарақат алған 39 жастағы әйел жансақтау бөлімінде жатыр, деп жазады Democrat.kz.
11 сәуірден 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесіндегі 14А мекенжайында орналасқан «Көркем» тұрғын үй кешенінің 15 қабатында пәтер өртенді. Тілсіз жаудың салдарынан 13 және 5 жастағы екі қыз бен 2 жастағы ұл бала көз жұмды.
Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері оқиға орнына жеткен кезде пәтер толықтай жанып жатқан. Есік ішінен құлыптаулы болғандықтан, құтқарушылар оны арнайы құралдың көмегімен бұзып ашуға мәжбүр болды. Осыған дейін көпқабатты үйдің тұрғыны сол түні болған жайтты баяндап берген еді.
Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, өрттің шығу себебі мен мән жайын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалды.
Ауыр жарақатпен шұғыл ауруханаға жеткізілген ананың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.
«Түнде жедел жәрдем желісі бойынша 39 жастағы әйел денесінің 50 мен 55 пайыз аралығын күйік шалған күйде медициналық мекемеге жеткізілді. Оның тыныс алу жолдары күйіп, екінші және үшінші дәрежелі күйік шогын алған. Науқас шокқа қарсы палатаға жеткізіліп, оны травматолог, реаниматолог, ЛОР және токсиколог мамандар қарап шықты. Тексеруден кейін ол реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Пациент бізге өте ауыр жағдайда түсті және қазіргі уақытта толық көлемде қарқынды ем алып жатыр», – деді травматолог дәрігер Марат Сабиров .