Атырау облысындағы Шортанбай ауылында қолында өткір заты бар ер адам мектеп аумағында қауіпті әрекет жасаған. Оны алғаш болып полиция немесе арнайы күзет емес, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мен ауыл тұрғындары тоқтатуға әрекет еткен. Оқиға 14 қыркүйек күні таңғы сағат 09:40 шамасында болған, деп жазады Democrat.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ер адам өткір затпен мектеп маңында тұрған автокөліктің төрт дөңгелегін бүлдірген. Сондай-ақ оның тас лақтырып, агрессивті әрекет жасағаны хабарланған.
Оқиғаны байқаған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі сырт айналып кетпей, ауыл тұрғындарымен бірге ер адамның қауіпті әрекетін тоқтатуға кіріскен. Бұдан кейін учаскелік полиция инспекторы шақырылған.
Полиция мұғалім мен ауыл тұрғындарына дер кезінде әрекет еткені үшін алғыс білдірген. Сол күні ер адам медицина қызметкерлерінің сүйемелдеуімен медициналық мекемеге жеткізіліп, стационарлық емдеуге жатқызылған. Қазір оқиға бойынша тексеру жүріп жатыр.
Алайда бұл жағдай басқа сұрақты алға шығарады.
Егер қолында өткір заты бар агрессивті адам мектеп аумағына жақындаса, оны тоқтату мұғалімнің міндеті ме?
Қазақстан мектептерінде күзет, бейнебақылау, дабыл түймесі және бөгде адамдарды кіргізбеуге арналған талаптар бар. Бірақ нақты қауіп туындаған сәтте мұғалімнің өзі қолына күрек алып, балаларды қорғауға мәжбүр болса, қауіпсіздік жүйесінің тиімділігіне қатысты сұрақ туындайды.
Бұл жолы жағдай қайғылы аяқталмаған. Ал келесі жолы мұғалім мен ауыл тұрғындары дер кезінде байқамаса не болар еді?