Қазақстан мектептерінің 7–9-сынып бағдарламасына жыныстық тәрбие бойынша міндетті модульдер енгізу ұсынылды. Бұл бастаманы депутат Ирина Смирнова мәлімдеді деп жазады Democrat.kz.
Ирина Смирнованың айтуынша, репродуктивті денсаулық, жыныстық жетілу, қауіпсіз мінез-құлық, инфекцияның алдын алу және жауапты ата-ана болу тақырыптары жасөспірімдер үшін маңызды.
Депутат қазіргі таңда бұл мәселелер мектептерде не үстірт айтылатынын, не мүлде қозғала бермейтінін атап өтті.
Сондай-ақ кейбір мұғалімдердің психикалық денсаулық, АИТВ және ЖИТС секілді тақырыптарды түсіндіруге әдістемелік дайындығы жеткіліксіз екенін айтты.
Депутаттың бастамасына орай біз өз тарапымыздан мектепте бала оқытып отырған ата- аналардан бұған қатысты пікірлерін сұрап көрдік.
"Өте дұрыс! Енгізу керек. Қаншалықты табу тақырып еткен сайын қоғамымыз дәл осы жыныстық мәселе бойынша сауатсыздығынан зардап шегіп отыр. "Ұят" деп бүркей берудің ауыр зардаптарын күн санап артып жатқан ажырасқандар да тартуда. Неге? Себебі, төсек мәселесінен сауатсыз кісі отбасын да ұстай алмайтынын мойындауға тиіспіз", дейді психолог Айгерім Сұлтанқызы.
"Қос қолдап қолдаймын. Әкесі мен шешесі айтса, балаға мұғалімі айтқандай әсер етпесі анық. Бала мұғалімін тыңдайды ғой. Етекті бүркеп, жауып, қымтаған сайын көріп отырмыз, небір сұмдықтарды. Әйел зорлау оқиғалары қай аймақта көп, білесіз бе? Оңтүстік пен Батыста! Неге? Ол жақтың қазақтары дініне берік емес пе еді? Хиджаб пен никабты ең көп киетін де сол аймақтың қыздары емес пе еді? Олай болса, неге? Себебі, білім сапасы бойынша ең төмен аймақтар осы Оңтүстік пен Батыс. Білімсіз адамның мешіт жағалап, дінге байланатынын дәлелдеудің керегі жоқ. Ал дінде көп әйел алу туралы зарлай беретін уағызшылар сондай білімсіздердің қолтығына су бүркіп отырған жоқ па? Сондықтан мектептен балаға жыныстық тәбие бойынша білім беру керек", дейді университет оқытушысы Айжамал.