Бастауышта оқитын баласы бар қызметкерге 3 сағаттық демалыс беріледі

Бастауышта оқитын баласы бар қызметкерге 3 сағаттық демалыс беріледі

Баласы мектепке дейінгі даярлыққа, 1 немесе 5-сыныпқа баратын мемлекеттік қызметкерлерге баласының мектепке бейімделу кезеңінде 3 сағатқа дейін әкімшілік демалыс беріледі. Бұл Түркияда енгізілген жаңалық. Жаңа мүмкіндік 2026 жылғы 7–11 қыркүйек аралығындағы «бейімделу аптасына» қатысты және ата-аналардың өтініші бойынша рәсімделеді, деп жазады Democrat.kz.

Түркияның Ұлттық білім министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналардың мектеп өміріне белсенді араласуына бағытталған жаңа тәртіпті жариялады.

Оған сәйкес, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін және баласы мектепке дейінгі даярлық тобына, бастауыш мектептің 1-сыныбына немесе орта мектептің 5-сыныбына баратын ата-аналардың біріне 7–11 қыркүйек аралығында әкімшілік демалыс берілуі мүмкін.

Демалыс автоматты түрде берілмейді. Ата-ана өзі өтініш білдіруі керек. Сонымен қатар жұмыс беруші мекеме қажетті ұйымдастыру шараларын жасап, демалыс уақытын баланың сабақ кестесіне сәйкестендіреді.

Ресми түсіндірмеде бұл уақыттың жалпы ұзақтығы 3 сағаттан аспайтыны айтылған. Кейбір жергілікті білім басқармалары бұл мүмкіндікті «күніне 3 сағатқа дейін» деп түсіндіріп отыр.

Неге дәл 1 және 5-сынып?

Бұл екі кезең бала үшін орта ауыстыратын маңызды уақыт саналады.

1-сыныпқа барған бала алғаш рет тұрақты мектеп тәртібіне көшсе, 5-сыныпта бастауыштан орта буынға ауысып, пән мұғалімдері, жаңа сабақ кестесі және басқа оқу тәртібіне бейімделеді.

Сондықтан Түркия билігі ата-ананың осы кезеңде баласының жанында болуын мектепке тез әрі қауіпсіз үйренуге көмектесетін фактор ретінде қарастырып отыр.

Жеке секторға да үндеу жасалды

Бұл жеңілдік әзірге мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне қатысты.

Алайда Түркияның Ұлттық білім министрлігі жеке компаниялар мен кәсіпкерлерге де үндеу жасап, мектепке бейімделу аптасында қызметкерлеріне осындай мүмкіндік беруге шақырды.

Министрлік баланың «отбасыдан мектепке» өту кезеңінде екі ортаның бір-бірін толықтыруы маңызды екенін атап өтті.

Бір апталық шарамен бітпейді

Бастама тек қыркүйектің алғашқы аптасымен шектелмейді.

2026–2027 оқу жылы бойы «Ailemle Okul Yolu» – «Отбасыммен мектеп жолы» бағдарламасы жүзеге асырылады. Оның аясында ата-аналарды мектеп өміріне тарту, бала дамуына қатысты кеңес беру және мектеп пен отбасы арасындағы байланысты күшейту жоспарланған.

Түркияның білім билігі бұл бастаманы «Отбасы және халықтың 10 жылы» бағдарламасы аясындағы шаралардың бірі ретінде көрсетіп отыр.

Яғни жаңа тәртіптің мәні ата-анаға жай ғана бірнеше сағат демалыс беру емес. Негізгі мақсат – баланың жаңа ортаға бейімделуін тек мектептің мойнына қалдырмай, бұл процеске отбасын да тікелей қатыстыру.

Барлық жаңалықтар