Белсенді ұстаз, тіл маманы Бекзат Аймақов білім саласындағы қисынсыз, ақылға сыймайтын келеңсіздіктер туралы айтып, үндеу жасады деп жазады Democrat.kz.
"Қазақ тілін мектепте оқыған балалар неге қазақша сөйлемейді?" дейтін сұраққа қатысты өз пікірінде Бекзат Аймақов:
"Ұлттық" деген дардай аты бар Ұлттық бірыңғай тестте ұлттың тілі жоқ. Өзгетілді оқушылар осы маңызды тестте "қазақ тілінен" тест тапсырмайды" дейді.
Ұлттық тілге қойылатын талап жоқ жерде, "мемлекеттік тілді" сөз ету мүмкін бе?
Бекзат Аймақтың тағы бір көтерген мәселесі оқушыларға арналған түрлі сайыстарға қатысты болды.
"Жалпы, білім саласында мұғалімдер мен оқушыларға арналған түсрлі сайыстар бар. Өзім тіл маманы болған соң білетінім, "Абай оқулары", "Шәкәрім", "Мағжан" т.б. сайыс түрлері көп.
Сондай сайыстарға оқушыларды апарғанымызда, жеңімпазға елу теңгелік бір жапырақ грамота қағазын береді. Сонда мұндай сайыстарға жоғарыдан арнайы ақша бөлінбей ме? Егер бөлінсе, ол ақша қайда?"дейді белсенді ұстаз.
Дәл осы мәселеге қатысты ауылды жерлердегі баланы жарыстарға апару, жолына, тамағына ақша бөлу жағы да қарастырылмайтынын айтуға болады. Бекзаттың әріптестері де "өз ақшамызбен баланы жарысқа апаратындарын" айтады. Бұл қалай?
Білім саласындағы әбден қордаланып, шешімі табылмай келе жатқан басқа да мәселелер шешілмей жатып, жыл сайын аты өзгеріп, заты сол күйде қалатын, бітпейтін бағдарлама Қазақстанның білім саласына тамшыдай пайда беріп жатыр ма?
"Иә, әр бағдарлама қабылданған сайын қоғамның сауаты артып, білім сапасы сұмдық болып жатыр" дей аламыз ба?
Бекзат Аймақов осындай бағдарламаларға қатысты пікірін бір сөйлеме салып түйіндепті. Ол өз парақшасында:
"Білім саласына өзгеріс емес, "төңкеріс" керек. Барлық жерде "көрупсия" боп кеткен. "Адал азамат" бағдарламасы "абсурд"... Балалардың болашағын ұрламаңдар!" деп жазды.

Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.