"Білім саласындағы масқара шоу": Білікті ұстаз министр Жұлдыз Сүлейменованың әрекеттерін сынап, сұмдық жазба жариялады

"Білім саласындағы масқара шоу": Білікті ұстаз министр Жұлдыз Сүлейменованың әрекеттерін сынап, сұмдық жазба жариялады

Білім саласының үздік маманы, білікті ұстаз Гүлжазира Ысқақова Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың соңғы уақыттардағы шығарған шешімдері мен соңғы күндердегі әрекеттерін сын тезіне алып, ерекше жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

«Министрлік ТВ» ұсынады: «Оқу-ағарту министрлігі» сериалының толық маусымы!
Құрметті көрермендер! Netflix пен HBO-ны ресми түрде өшіріп тастауға болады. Олардың сценаристері біздің Оқу-ағарту министрлігінің креативтілігі мен интригаларының қасында жіп есе алмайды. Бұл - миллиардтаған бюджеті бар, халықтық, шытырман оқиғалы нағыз қазақстандық блокбастер!

Барлық сериялардың қысқаша мазмұнымен таныс болыңыздар:
 1-серия: «Іштен шыққан жау»(Жанры: Саяси детектив. Министрлік қызметкерлері министр ханымның басқару стиліне шыдамай, тікелей Ақордаға, Президенттің атына ашық хат жазады).
 2-серия: «Ардагерлердің ашуы» (Жанры: Тарихи драма. Министр ханымның «реформаларына» қаны қайнаған ардагер ұстаздар да шыдамай, Президентке тікелей шағым түсіреді. Кадр сыртында: «Біз құрған білім жүйесін не істедіңіздер?» деген жанайқай).
 3-серия: «Аудит — ең жақсы қорғаныс» (Жанры: Криминалды комедия. Өзіне шағым көбейген соң, министр ханым бірден «қарсы шабуылға» шығып, аудит жібереді де: «Міне, қаражатты құрдымға кетірген мен емес, өздеріңіз!» деп бәрін әшкерелей бастайды).
 4-серия: «Ештен кеш жақсы немесе Құрылтайға жолдама»(Жанры: Фэнтези. Осындай шудан кейін министр ханым еш қысылмастан, беті шіміркпестен Ұлттық Құрылтайға депутат (мүше) болуға үміткер атанады).

 Министр ханымның «Реформа-миксы» және Шахмат тактикасы

Басты рөлдегі министр ханым нағыз гроссмейстер болып шықты. Ол бір қолымен бағдарламасы да, стандарты да жоқ жаңа пәндерді оңды-солды қосып, екінші қолымен БЖБ мен ТЖБ-ны бірде алып, бірде қойып халықтың жүйкесін тексеріп жүрсе, үшінші қолымен (егер сондай қолы болса) керемет саяси маневрлер жасап үлгеруде.

Мұғалімдер мен ата-аналардың «бұл не бағалау жүйесі?» деген сұрағына жауап берудің орнына, министрлікте нағыз «Кальмар ойыны» басталды. Алдымен өз қызметкерлері, сосын білім саласының ардагерлері жабылып Президентке хат жазып еді, министр ханым сасқан жоқ! «Сендер маған хат жазсаңдар, мен сендерге аудит жіберемін!» деп, миллиардтардың қалай құрдымға кеткенін көрсетіп, кінәні басқаларға ысыра салды. Нағыз «стресс-менеджменттің» үлгісі!

 Ұят кімде бар? Құрылтайға кандидат!

Ең қызығы — финалда! Қызметкерлері арызданған, ардагерлері ренжіген, ақшасы құрдымға кеткен саланың басшысы ретінде жауап берудің орнына, министр ханым «менің орным Құрылтайда» деп, депутаттықтан дәмелі болып отыр. Ол жаққа барып тағы қандай реформа ұсынары белгісіз. Бәлкім, Құрылтай мүшелерін аудит жіберіп, бір тексертіп алар. 

Неге дәл БІЛІМ саласы?

Иә, «Басқа министрліктерде де ақша құрдымға кетіп жатыр ғой, неге тек білім?» деп ренжисіздер. Ойбай-ау, басқа жақта адам аз, мұндай «хайп» пен «хайлайт» шықпайды.
Ал білім саласы — бұл нағыз аншлаг!
 Миллиондаған оқушы, шаршаған ата-аналар, кез келген экспериментке шыдайтын мұғалімдер армиясы бар.
 

Енді міне, оған Президентке хат жазатын қызметкерлер мен ардагерлер, сосын бәрін тексеретін аудит қосылды. Каст керемет!
Билік әдейі жасап отыр ма? Жоооқ, бұл жай ғана халықтың «стратегиялық шыдамдылық деңгейін» өлшеу ғой. Бізді өмірдің қиындықтарына мектеп қабырғасынан бастап шыңдап жатыр.
Сериалдың келесі маусымын күтеміз. Попкорндарыңызды тауыспаңыздар, министр ханым Құрылтайға өтсе, бұдан да қызық сериялар басталады! Уот так", - деп жазды Гүлжазира Ысқақова. 

Барлық жаңалықтар