Ардагер ұстаз, белсенді педагог Өмір Шыныбекұлы бүгінге дейін білім саласына бөлінген қаражат пен жүзеге аспай қалған жобаларға қатысты мәселе көтеріп, бюджет ақшасына сұрау салды деп жазады Democrat.kz.
"2010 жылдары Қазақстанның білім саласына біреулер "Кембридж технологиясы" (Деңгейлік курстар) дегенді әкелді.
3 ай оқып, 1-деңгейлі курсты бітіргендерге 100%, 2-дейгейге 50%, 3-деңгейге 30% жалақы қосылу көзделді..
Алғашқы талаптарда 1-деңгейге қазақ, орыс, ағылшын тілін білетін мұғалімдер барады деді.
Ондай мұғалім табылмаса керек, тілге қарамай курсты оқытты. Курсқа келген мұғалімдердің жатын орны, ішіп-жемін мемлекет толық көтерді.
Бітіргендерге тиісінше уәде еткен пайыздары да қосылып, 5 жыл бойына төленіп тұрды. Сол кезде алғаш күнтізбелік сабақ жоспары "Қысқа мерзімді жоспар" (ҚМЖ) аталып, оның жаңа шаблоны берілді. "Кембридж технологиясы" деген бағдарламаға мемлекет қанша қаржы бөлгені белгісіз.
2016 жылы наурыз айында сол кездегі министр Е.Сағадиев "2016-2019 жылдарда білім мен ғылымды дамыту" бағдарламасын жасап, бюджеттен 1,5 трлн-ға жуық қаржы бөлгізді (2019 жылы Е.Сағадиев министрліктен кеткенде сол қаржының есебін ешкім сұрамады).
2016 жылдан бастап "Кембридж технологиясы" деген терминді "Жаңартылған оқу бағдарламасы" деген алмастырып, ҚМЖ-ң жаңа шаблоны берілді.
БЖБ, ТЖБ деген бағалау жүйесі енгізілді.
Артынан мұғалімдердің біліктілігін көтеру жүйесі өзгеріп, "педагог-шебер", "зерттеуші" санатын алу үшін "Авторлық бағдарлама" жазу міндеттелді.
Авторлық бағдарлама дегеннің кішігірім ғылыми жұмыс екені, ғылыми жұмыс жазуға мұғалімнің білім-білігі жетсе уақыты, уақыты жетсе білім-білігі жете бермейтініне ешкім басын қатырмады.Сұраныс болса ұсыныс міндетті түрде болады. Бұл нарық заңы..
Көкейін санатқа қосылатын ақша тескен "педагогтардан" сұраныс болса керек, "Авторлық бағдарлама жазып беремін" деген хабарландырулар ватсап-чаттарда ашық жазылып жатты.
"Ау, бұл қалай? Мынау сауданы кім тоқтатады?" дегенімізді құлағына қыстырған жан болмады.
Ел аузында "Тест орталықтарында танысың болса "беретінін беріп жіберіп", бергеніңе қарай қалаған балыңды алуға болады" деген әңгіме желдей есіп тұрды.
2024-2025 оқу жылының басында Ғ.Бейсембаев "Мақсатты мектеп" жобасын бастап, еліміздің 900-н астам мектебінде сол оқу жылы авралмен өтті.Бұл жобаға мемлекет қанша қаржы бөлгені салық төлеушілер үшін белгісіз.
Қазіргі министр Ж.Сүлейменова тоқтатқан сол бағдарламаны түсінсе де, түсінбесе де мұғалімдердің апшысын қуырып, жанын сала тықпыштаған қызметкерлер министрлікте де, әкімдіктерде де, басқарма мен аудандық білім бөлімдерінде де ақылды түр жасап әлі отыр.
Соңғы күндері күнтізбелік жоспардың (ҚМЖ) орындалмайтын міндеттері мен мақсаттары төңірегінде дау қайта көтерілді?
Шындыққа тура қарасақ, әрбір сабақ шығармашылық жұмыс. Ал қазіргі ҚМЖ шаблоны секілді қатаң рамка бар жерде шығармашылыққа орын қалады ма?
Жалпы, білім саласын былықтан, біліксіз басшы мен сауатсыз қосшыдан (орындаушы шенеунік, әдіскер, мұғалім) тазарту үшін не істеу керек?"дейді Өмір Шыныбекұлы.